Сәтбаев Университеті еліміздің ең үздік оқытушыларын құттықтайды
Ұстаз – еліміздің даму әлеуетін және болашақ ұрпақтың даму деңгейін айқындайтын қоғамдағы ең маңызды мамандық. Сәтбаев Университетінің оқытушылары жылдан-жылға еліміздегі үздік оқытушылары қатарынан көрініп, университетте білім беру деңгейінің жоғары екендігін дәлелдеп келеді.
Үстіміздегі жылы 21 қаңтар күні «ЖОО Үздік оқытушысы – 2021» республикалық байқауы жеңімпаздарының есімдері белгілі болды. Қазақстанның 45 жоғары оқу орнының 150 оқытушысы осы байқаудың жеңімпазы атанды. Олардың ішінде біздің университеттің үш жас оқытушысы бар:
- Бекжан Қосалбаев, Химиялық және биохимиялық инженерия кафедрасы;
- Ұлжалғас Сейдалиева, Электроника, телекоммуникация және ғарыштық технологиялар кафедрасы;
- Ерімбетова Айгерім, Бағдарламалық инженерия кафедрасы.
«Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» байқауы ұстаздық мамандықтың беделін арттыру және олардың кәсіби тұрғыда әрі қарай өсуін ынталандыру мақсатында жыл сайын өткізіледі. Байқауға еліміздің 76 жоғары оқу орнынан барлығы 718 үміткер қатысты. «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағын алған ұстаздардың әрқайсысына төсбелгі мен 2000 АЕК (6 млн теңге) көлемінде сыйақы беріледі.
Сәтбаев Университетінің оқытушылары – үздіктер қатарында! Барлық жеңімпаздарды құттықтаймыз!