Сәтбаев Университеті Қазақстанда жоғары білім саласын цифрландыруды дамыту стратегиясын анықтады
Осы жылғы 6 қаңтар күні Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде Сәтбаев Университетінің ректоры Мейрам Бегентаев баяндама жасады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жоғары білім мен ғылым саласына қатысты бағдарламасын жүзеге асыруға арналған отырыс Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновтің қатысуымен Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ қабырғасында өтті.
Жиынды Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «2022 жылдың қорытындысы және Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы аясындағы 2023 жылға арналған міндеттер» атты баяндамасымен ашып, 2023 жылы Қазақстанның жоғары білімі мен ғылымы алдында тұрған міндеттерге қысқаша тоқталды. Алдағы жұмыстың басты мақсаты – цифрландыру, ғылым мен инновациялар арқылы елімізде технологиялық серпіліс жасау болмақ.
Осы мақсатқа жету жолындағы жұмыс шеңберінде жоғары білім беруді жаппай қолжетімді ету, өндірісті кадрлармен қамтамасыз ету жүйесі құрылып, үздіксіз білім беру тұжырымдамасы жүзеге асырылады, еліміз академиялық шеберлік негізінде халықаралық ғылыми-білім беру кеңістігіне интеграцияланатын болады.
Министр бұл мақсатқа жету үшін цифрландыру сияқты құралдың маңызды екенін атап өтті: «Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, индустриалды өркендеу кезеңінде құрылған ірі университеттердің көпшілігінің уақыты өтті деуге болады. Олардың орнына қазіргі заманауи, ыңғайлы және бейімделгіш білім беру платформалары келуде», – деді министр.
Мейрам Бегентаевтың баяндамасы білім беру жүйесін цифрландыру аясында «Цифрлық университет» атты пилоттық жобаға арналды. Бұл – елде жоғары білім беру саласының біртұтас цифрлық экожүйесін құруға бағытталған жоба, ол өз кезегінде қалың студент қауымның сапалы білімге қол жеткізуі үшін жұмсалатын қаржылық шығындарды азайтады, инфрақұрылымға жүктемені азайтады және ғалымдар мен оқытушылардың еңбек өнімділігін арттырады.
Мұндай цифрлық инфрақұрылым Сәтбаев Университетінің базасында жасалады да, университет барлық қазақстандық жоғары оқу орындарының оған қолжетімділігін қамтамасыз етеді, сөйтіп еліміздің зияткерлік және материалдық ресурстарын біріктіруге мүмкіндік беріп, оларды өзара нығайтады.
Университетте цифрлық университеттің моделі әзірленген, ол цифрландыру саласына берік негіз бола алады. Атап айтқанда:
1. Бизнес-процестерді басқару жүйесін трансформациялау, цифрлық білім беру платформасының жұмыс істеуіне негіз болатын негізгі тиімділік көрсеткіштерін енгізу;
2. Қызметкерлердің кәсіби қызметін ескере отырып, оларды салааралық цифрлық дағдыларға үйрету.
Осы шарттарды ескеретін болсақ, университетті цифрландыру нәтижесі табысты болады және оны ауқымды түрде қолдануға болады. Университет әртүрлі бағдарламаларды «біртекті қылып біріктіруді» қамтамасыз ету үшін жұмыс істейтін болады, яғни университетте болып жатқан оқиғалар туралы ақпаратты біртұтас жүйеге жинайды. Сол жиналған деректер негізінде университет басшылығы қажетті шешімдер қабылдай алады.
Жүйенің бір бөлігі студенттерге, оқытушылар мен жұмыс берушілерге арналған модульдер болады, онда білім беру нарығының ойыншылары туралы ақпараттар жинақталады, яғни жұмыс берушілердің құзіреттілігі, ғылыми жұмыстар, рейтингтер, тілдерді білу, интегралды GPA, soft skills және т.б. туралы ақпараттар. Бұл модульдердің өзара әрекеттесуі университеттер мен жұмыс беруші ұйымдардың ресурстарын үнемдеуге және түлектерді жұмысқа орналастырудың тиімді процесін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жүйенің тағы бір маңызды функциясын «Инфрақұрылым» модулі қамтамасыз етеді, ол цифрлық кампусқа, зертханаларға және өндірістік процестерге тәулік бойы қолжетімділікті қамтамасыз етеді және онлайн курстармен үйлесімді түрде тиімді қашықтықтан оқыту жүйесін қамтамасыз етеді. Ал онлайн курстарға қолжетімділік әрқашан ашық болады да, жүйенің барлық пайдаланушылары оған өздерінің білім беру контентін орналастыра алады.
Осылайша, жоғары білім алу жолындағы кедергілер жойылып, ғылыми зерттеулер оқу үдерісіне біріктіріледі, ал осы платформалар жүйесіне мектептер мен колледждерді қосу оқушыларға ертерек кәсіптік бағдар беруді қамтамасыз етеді. Нәтижесінде еңбек нарығындағы өзгерістер мен жұмыс берушілердің талаптарына тамаша бейімделген икемді әрі жылдам цифрлық университет қалыптасады.
Министрліктің кеңейтілген алқа отырысында Мейрам Бегентаевтан бөлек, Ғылым комитетінің төрағасы Дархан Ахмед-Заки мен «Атамекен» палатасының басқарма мүшесі Нұрлан Сақуов ғылымның даму болашағы туралы баяндама жасап, жоғары білім мен бизнестің өзара әрекеттесу перспективаларына тоқталды. Алқа мүшелері секциялық отырыстарда даму бағдарламасын жүзеге асыру бойынша көтерілген мәселелер мен нақты ұсыныстарды тыңдап, оларды егжей-тегжей талқылады.