Сәтбаев университеті мектеп оқушыларына арналған қазіргі заманғы оқу технологияларының көшбасшысы атанды
Сәтбаев университеті Қашықтықтан білім беру институтының командасы жоғары оқу орнына түсуге жаңа форматта дайындықтың алғашқы нәтижелеріне қол жеткізді. Енді Қазақстанның мектеп оқушылары университетке түскенше дейін онлайн түрде бакалавриат бағдарламасы бойынша оқи алады, ал 1-курсқа түскеннен кейін оқыған кредиттердің айырмашылығын ғана тапсырады.
Талантты әрі дарынды мектеп оқушылары виртуальды мектептердің көмегімен өздерінің меншікті бағдарламаларын құрады да, жоғары сыныпқа келгенде университет бағдарламаларын оқи бастайды. Олардың көпшілігі қазір АҚШ-та өз білімдерін арттыруда.
Virtual online high school еліміздің түкпір-түкпірінен келген оқушыларға сапалы әрі өзіне лайық бағдарламаны бюджет қаржысын үнемдей отырып меңгеруге мүмкіндік береді.
Бұл жаңа бағдарлама – Қашықтықтан білім беру институтының негізгі жобасы, ол оқуға түскісі келетін талапкерлер мен оқушыларға бакалавриаттың әртүрлі пәнінен онлайн түрде қосымша курс өтуге мүмкіндік береді. Мұндай қосымша курстан өткен болашақ студенттер бір жағынан уақыттарын үнемдесе, екінші жағынан қаржы үнемдейді. Өйткені курста өткен пәндерді студент университетте қайтадан оқымайды, әрі онлайн түрде оқу құны да күндізгі бөлімде ақылы түрде оқығаннан әлдеқайда арзанға түседі.
Сәтбаев университетінің Қашықтықтан білім беру институты Ustudy компаниясымен бірлесе отырып, психология, философия пәндері және ақпаратты-коммуникациялық технологиялар жөніндегі курстардың жұмыс жоспарын жазып жатыр. Жазу жұмыстары біткеннен кейін ол онлайн-алаңға орналастырылып, еліміздегі барлық мектептердің оқушылары мен Қазақстанда оқығысы келетін шетелдік талапкерлер үшін қолжетімді болады.
Әділет Елеусов, UStudy Kazakhstan компаниясының даму жөніндегі директоры:
– Курстар өте қызықты. Ең қызықтысы – нақты өмірдегі кейстерді талдау, әсіресе психология пәні дәрістерінде. Психологиядан дәріс оқитын Зыкова Наталья Михайловна бізге қатты ұнайды. Ол кісіден көп нәрсені үйренуге болады. Болашақ тыңдаушылар оның жоғары бағасын береді деп ойлаймын.
Андрей Симонов, Сәтбаев университеті тарапынан жоба жетекшісі:
– Бұл жоба Қазақстан ішіндегі көптеген шектеулерді жоюға мүмкіндік береді. Жоба осыдан екі ай бұрын іске қосылды. Жуырда Қарағанды мен Нұр-Сұлтан қалаларындағы біздің екі студент онлайн режимінде емтихан тесттерін тапсырды, оларға тіпті бізге келудің де қажеті болған жоқ. Айтпақшы, мұндай мүмкіндік Қазақстан бойынша 17 тест орталықтарында бар. Бұл жоба үшін біз ең жақсы деген оқытушыларды таңдап алып, оқушыларға сапалы білім беруге тырысамыз.
Курс бағдарламалары ҚР БжҒМ бекіткен типтік оқу бағдарламаларының талаптарына сай келеді.