Сәтбаев университеті мен Әзірбайжан техникалық университеті ынтымақтастықты кеңейту туралы меморандумға қол қойды
Сәтбаев университеті мен Әзірбайжан техникалық университеті өзара академиялық алмасуды, ғылыми байланысты және бірлескен білім беру бағдарламаларын дамытуға бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжатқа қол қою рәсіміне Сәтбаев университетінің ректоры Мейрам Бегентаев пен Әзірбайжан техникалық университетінің ректоры, профессор Вилаят Валиев қатысты.
Ынтымақтастық келісім оқытушылар мен студенттердің өзара алмасуына, қонақтық лекцияларға, тағылымдамаларға, конференциялар мен басқа да қоғамдық іс-шараларға қатысуға мүмкіндіктер ашады. Сондай-ақ студенттер жарыстарға, конференциялар мен олимпиадаларға белсенді түрде қатысады деп жоспарлануда. Ынтымақтастық қарым-қатынастың негізгі бағыттарының бірі – бірлескен білім беру бағдарламаларын, соның ішінде қос дипломдық білім беру бағдарламаларын құру және оларды жүзеге асыру болып табылады.
Сонымен қатар екі университет өзара ғылыми байланысты күшейтуге, бірлескен зерттеулер жүргізуге, ғылыми жарияланымдар санын арттыруға, ғылыми материалдармен және тәжірибемен алмасуға, білім беру және ғылыми жобаларды екіжақты және халықаралық деңгейде жүргізуге ниет білдіріп отыр.