Сәтбаев университеті өз үлгісіндегі PhD дипломдарын табыс етті
25 қыркүйек күні Сәтбаев университеті 2019 жылғы докторантура түлектеріне өз үлгісіндегі PhD дипломдарын алғаш рет табыс етті. Мұндай құқық Сәтбаев университеті биылғы жылы ерекше дәрежеге ие болғаннан кейін беріліп отыр.
Жаңа үлгідегі дипломдарға «Аспап жасау», «Машина жасау», «Мұнай химиясы», «Органикалық заттардың химиялық технологиясы», «Мұнай-газ ісі», «Тау-кен ісі», «Материалтану және жаңа материалдар технологиясы» мамандықтары бойынша диссертация қорғаған 14 PhD докторы ие болды.
– Біздің университет үшін мен өте қуаныштымын, – деді диплом тапсыру рәсімінде докторанттардың жетекшілері атынан сөз сөйлеген «Тау-кен машиналарын жасау» мамандығының профессоры, доктор Виталий Васильевич Поветкин. – Университет жас мамандарды даярлауда және қоғамымыздың жас зиялы қауымын тәрбиелеу ісінде жаңа сатыға көтеріліп отыр. Түлектерге тілейтінім: алған білімдеріңізді әрі қарай шыңдай беріңіздер және жинаған тәжірибелеріңізді кейінгі жастарға үйретуден жалықпаңыздар!
2021 жылдан бастап Қазақстан жоғары оқу орындары мемлекеттік үлгідегі дипломдарды тапсыру дәстүрін тоқтатады. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов 2018 жылдың желтоқсан айында мәлімдеген болатын. «Жоғары оқу орындары өз білімдеріне тек өзінің абырой-беделімен, білім сапасымен және профессор-оқытушылық құрамының мықтылығымен ғана кепілдік бере алатын болады», – деген еді министр.
Сәтбаев университеті ұлттық зерттеу университеті және Қазақстандағы ең үздік, әрі ең ірі техникалық жоғары оқу орны ретінде сапалы білім беруге қазірден бастап-ақ кепілдік бере алады және бар жауапкершілікті өз мойнына алуға даяр екендігін білдіріп отыр, ал өз үлгісіндегі дипломдары – соның куәсі бола алады.