Сәтбаев Университеті Президент тапсырмаларын орындау үшін, форсайт форматын қолдануда
Үстіміздегі жылы 4 қазан күні Сәтбаев Университетінде Президент жолдауын талқылауға және оны жүзеге асырудың нақты қадамдарын әзірлеуге арналған «Жастарды жан-жақты қолдау» тақырыбында сарапшылардың, университет қызметкерлері мен студенттерінің қатысуымен форсайт-сессия басталды.
Форсайт (ағылш. foresight – көрегендік, болжамдық) – пікірталас форматы, ол қатысушыларға тенденцияларды бағалауға, жүйелі болжам жасауға, болашақтың бейнесін көруге және оның контекстінде нақты әрекеттерді әзірлеуге мүмкіндік береді. Форсайттың басты ерекшелігі – ол болашақты болжауды емес, оны жоспарлауды қамтиды. Жұмыс тобының мүшелері сараптамалық панельдер, SWOT талдауын, миға шабуыл, жол картасы және «уақыт картасы» деп аталатын құралдарды пайдаланады, соның негізінде ұйымды дамытудың нақты жоспарларын әзірлейді.
Талқылау отырысы Басқарма мүшесі – Корпоративтік даму және стратегиялық жоспарлау жөніндегі проректор, «Аманат» партиясының бастауыш ұйымының төрағасы Ержан Көлдеевтің сөзімен басталды. Ол Мемлекет басшысының Сәтбаев Университетінде ғылыми-зерттеу орталығын құру туралы тапсырмасының орындалу барысы туралы баяндады.
Спикерлер сөз сөйлегеннен кейін қатысушылар командаға бөлініп, ғылыми ұжымдарды дамыту, жаңа инженерлік технологияларды құру, цифрландыру, коммерцияландыру арқылы ғылым мен білімнің симбиозын дамыту жолдары сияқты салаларда нәтижелерге жетудің нақты әдістерін әзірлеу үшін жұмысқа кірісті.
«Ғылымды, технологияны және инновацияны дамыту – елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі бағыттарының бірі», – деді Қ.-Ж.Тоқаев ағымдағы жылдың маусым айында Ұлттық ғылым академиясының мерейтойлық сессиясында. Форсайт қатысушылары осы оймен келісе отырып, қазіргі жаһандық сын-қатерлерге төтеп беру үшін, ұлттық зерттеу университеттері ел экономикасының қозғаушы күшіне және болашағы зор ғылыми кадрларды тарту орталығына айналуы тиіс екендігін атап өтті. Осы жолда қолданылатын құралдардың бірі – білім берудің дәстүрлі форматынан бас тартуға мүмкіндік беретін, өзгермелі жағдайларға жедел ден қоюға және ғалымдардың идеяларын жүзеге асыруға көмектесетін цифрландыру жүйесі болмақ.
Сонымен қатар ғылыми әзірлемелерді енгізу ең алдымен практикалық түрде жүруі керек. Осы мақсатта университетте тәжірибелік инфрақұрылымды дамыту және ғылыми-технологиялық парктер салу жоспарлануда, онда ғалымдар студенттермен бірге өз идеяларын ілгерілету мүмкіндігіне ие болады. Бұл ғылыми зерттеулер мен коммерцияландыру арасындағы аралық буынға айналып, сол арқылы жоба авторларына әзірлемелерінің өзектілігін көрсетуге мүмкіндік береді.
Сәтбаев Университетінің форсайт сессиясында жастар саясатының ғылым мен техника саласындағы өзекті мәселелері мен міндеттері талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында: «Жастарды жан-жақты қолдау – біздің басты басымдықтарымыздың бірі. Сондықтан Сәтбаев Университетінің базасында ғылыми-зерттеу орталығын құру жұмысының маңызды бағыты жастармен белсенді түрде диалог құру және жас ғалымдар мен өнертапқыштарды қолдау болуы тиіс. Мұндай қолдау Сәтбаев Университеті үшін әрқашан басымдық болып табылады.