Сәтбаев Университеті Президенттің 2023 жылғы Жолдауын талқылауда
11 қыркүйек күні «Парасат» ұйымының өкілдері Сәтбаев Университетінің қызметкерлері арасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жасаған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты» атты Жолдауы бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
«Аманат» партиясы Бостандық аудандық филиалының төрағасы Тынышқали Төреғалиұлы өз сөзінде Президенттің жыл сайынғы халыққа Жолдауы ел үшін өте маңызды оқиға екенін айта келіп, өткен жылдардан бері жүргізіліп жатқан ауқымды саяси реформалар елде түбегейлі өзгерістерді жүзеге асыруға ықпал еткенін атап өтті.
Еліміздің қуатты индустриялық негізін қалыптастыруға және экономикалық өзін-өзі қамтамасыз ету мәселесіне Жолдауда басты назар аударылды. Бұл өз кезегінде өңдеу өнеркәсібін жедел түрде дамытуды және металдарды тереңдете өңдеу, мұнай, газ және көмір химиясы, ауыр машина жасау, уранды қайта өңдеу және байыту, автомобиль бөлшектері мен тыңайтқыштар өндіру сияқты қосылған құны жоғары кластерлерді құруды талап етеді.
Аталмыш іс-шара соңында партия өкілдері пікірталас өткізіп, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.