Сәтбаев Университеті Ресейдің Huawei зерттеу институтымен кездесті
Ресейлік Huawei ғылыми-зерттеу институты өкілдерінің Сәтбаев Университетіне ресми сапары аясында университетте Huawei, Автоматтандыру және ақпараттық технологиялар институты, Цифрлық техника және технологиялар институты мен Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті өкілдерінің үшжақты кездесуі өтті.
Huawei өкілдері Сәтбаев Университетінің ғылыми-техникалық әлеуетімен танысып, IT, кибернетика, математика, ақпараттық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықтың мүмкіндіктерін, оның ішінде компания базасында студенттер үшін өндірістік практиканы ұйымдастыру және өткізу, сондай-ақ бірлескен жобаларды іске асыру жолдарын талқылады.
Кездесуге Ресей зерттеу институтының вице-президенті, Мәскеудегі Huawei ғылыми орталығының директоры Хоу Руи, IT-стартаптары Astana Hub халықаралық технопаркінің өкілі Айнұр Есбосынова, Автоматтандыру және ақпараттық технологиялар институтының директоры Раиса Ускенбаева, Цифрлық техника және технологиялар институтының директоры Ержан Наурызбаев пен Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің ғылым және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Евгения Дайнеко қатысты.
Huawei компаниясы бүкіл әлемдегі ғылыми-зерттеу ұйымдары мен университеттерге қолдау көрсетеді. Huawei компаниясы 1999 жылдан бастап инновациялық зерттеулердің жаһандық бағдарламасын (HIRP) іске асырып, соның аясында математика, алгоритмдер, әзірлеу құралдары саласында зерттеулер жүргізеді, сонымен қатар математика, физика, химия, биология, геометрия, логика, термодинамика, бионика және т.б. пәндер бойынша іргелі зерттеулер жүргізеді. Huawei компаниясының 80 мыңға жуық қызметкері ғылыми зерттеулермен айналысуда. Компания қарамағында жаһандық желіге қосылған 15 жеке ғылыми-зерттеу орталығы мен 36 бірлескен инновациялық орталықтар бар.
Ресейлік Huawei ғылыми-зерттеу институтының өкілдері Қазақстанға Astana Hub технопаркінің шақыруымен келді, олардың мақсаты – бірлескен жобаларды әрі қарай іске асыру және Қазақстанда ғылыми орталық ашу үшін, біздің елдің ғылыми-кадрлық әлеуетімен және ғылыми инфрақұрылымымен танысу.