Сәтбаев Университеті студенттері Shell Eco Marathon жарысына қатысады
SAE (Society of automotive engineers) студенттік ұйымының Racing Team командасы халықаралық білім беру жобасының Shell Eco marathon жарысына қатысады. Бұл жоба энергетикалық жағынан тиімді инновациялық шешімдерді іздеп табуға бағытталған. Бұл атышулы жарыстың аясында студенттік командалар автомобильдер мен олардың қозғалтқыштарының инновациялық құрылым жобаларын жасап, оны сынақтан өткізеді. Олардың мақсаты – аз энергия жұмсай отырып, неғұрлым көбірек жол жүру.
Сәтбаев университетінің Racing Team командасы – бұл турнирге қатысып отырған Орталық Азиядағы алғашқы командалардың бірі. Құрамы 9 адамнан тұратын команда қазір болашақ жарыс машинасын (болид) құрастырып жатыр. Оның жанармайы ретінде этанол таңдап алынған. Жарыс жаңа 2018 жылы 17–19 наурыз аралығында Сингапурде өтеді. Команда капитаны Әлібек Ибраим алдағы жарысқа дайындықтары туралы қысқаша айтып берді.
Бір тостаған жанармайдың тарихы
– Осыдан бір жыл бұрын үшінші курс студенті Әсет Қайырлин университет қабырғасында студенттік қауымдастық ашуды қолға алды. Бұл жерде болашақ инженерлер өздерінің шығармашылық ойларымен бөлісуге мүмкіндік алар еді деген ой Әсетке маза бермей қойған. Сондай оймен ашылған қауымдастықты SAE (Society of Automotive Engineers) деп атады. Бара-бара ол халықаралық үлкен ұйымның кішкентай бір бөлігіне айналды. Алғашқы құрылған күннен бастап оның мүшелері өздерінің керемет бір дүние жасап шығаратындарына сенімді болды. Бірінші жылы-ақ SAE университет аралық көптеген іс-шараларды ұйымдастырып өткізді. Атап айтқанда, Вилли Вонк қайырымдылық жәрмеңкесі немесе Bookcrossing day және тағы басқалары.
Осы жазда мен жігіттерге студенттік командалар арасында жыл сайын өтетін Shell Eco Marahon жарысына қатысуды ұсындым. Сөйтіп, дайын сызбаларды қосып тапсырыс жібердік те, командамызға SURT (Satbayev University Racing Team) деген атау қойдық. Бізге дейін Қазақстан мұндай халықаралық жарыстарға бұрын қатысып көрмегенін айта кету керек. Десек де, біздің команда жарыстың екі кезеңінен жеңіп шығып, Сингапурде өтетін Shell Eco Marahon Asia 2018 жарысына жолдама алды.
Енді бізге Prototype категориялы машина жасап шығару керек. Мұндай машиналар футуродизайнмен жасалып, сүйір пішінді кузовпен болады. Жарыстың бұрынғы жеңімпаздары 1 литр жанармаймен 4000 км қашықтықты оп-оңай бағындырған. Бұл дегеніңіз – олар Алматыдан Астанаға дейінгі арақашықтықты бір тостаған жанармаймен-ақ жүріп шыға алады деген сөз. Сол сияқты біз де жоғары нәтиже көрсетіп, жеңіске қол жеткіземіз деп сеніп отырмыз. Ал біз үшін ең басты сыйлық – осындай халықаралық жарыстарға жиі-жиі қатысып, жарыс алаңында еліміздің, университетіміздің намысын қорғау, содан тамаша әсер алу.