Сәтбаев Университеті үздік атана отырып, QS рейтингіндегі орнын сақтап қалды
QS WUR by Subject 2022 рейтингінің нәтижелері бойынша Сәтбаев Университеті – Қазақстан Республикасының техникалық жоғары оқу орындары арасындағы көшбасшы және еліміздің мұнай өнеркәсібіне қажетті кадрлар даярлаушы ең басты жоғары оқу орны мәртебесін растады.
Petroleum Engineering білім беру бағдарламасы екінші жыл қатарынан «Инженерия және технологиялар» санатындағы QS пәндік рейтингінде орын алды. Бағдарлама әлемдік рейтингте 101–150-орындарды иеленсе, Сәтбаев Университеті осы санаттағы QS рейтингінде қалған жалғыз қазақстандық университет болды.
Сәтбаев Университеті жалпы QS рейтингінде 501–510-орын, ал ТМД елдері арасында 12-орынды иеленіп, Орталық Азия мен ТМД елдері арасында көшбасшы екендігін тағы да растап шықты.
QS World University Rankings – әлемдік университеттер арасында өтетін ең беделді рейтингтердің бірі. QS World University Rankings By Subject рейтингінің әдіснамасы бес негізгі көрсеткіштен тұрады: университеттің академиялық беделі, жұмыс берушілер арасында университеттің беделі, Хирша индексі, жарияланымдарға сілтеме және халықаралық зерттеу желісінің көрсеткіші.