Сәтбаев университеті Жібек жолы университеттері альянсының IT-технопаркіне қатысады
Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиев «Сандық Қазақстан-2020» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында Алматы қаласының университеттерін аралады. Сәтбаев университетінің ұжымымен кездесу барысында А. Жұмағалиев университет жанынан ашылған Сандық техника және технология институтының ғылыми-өндірістік базасымен танысты. Вице-премьер жасанды интеллект саласы бойынша жасалған өнімдер мен өте көлемді мәліметтерді өңдейтін ІТ-шешімдерге баса назар аударды.
«Сәтбаев университеті базасында ашылған Big Date сараптамалық зертханасы, жасанды интеллект зертханасы және дүниежүзілік компаниялардың тәжірибесіне сүйене отырып ашылған тәжірибелік-конструкторлық бюро ғылыми зерттеулерді тереңдете жүргізуге мүмкіндік береді. Университет базасында ашылған ғылыми жаңалықтар бүгінде қазақстандық және ресейлік ірі-ірі өндіріс орындарына енгізіліп, әртүрлі салада кеңінен қолданылып келеді. Мысалы, құрылыста, медицинада, мұнай-газ және тағы басқа салаларда қолданылады», – деді Сәтбаев университетінің ректоры Е. Бейсембетов.