Сәтбаев университетінде «Алаш идеясы және Тәуелсіздік» тақырыбында іс-шара өтті
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында жастарды тәрбиелеуге қатысты былай деген еді: «Көркем және деректі тарихи туындыларда мемлекеттілік және мемлекетшілдік идеясы әрдайым көрініс табуы қажет. Біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым аламыз. Олар өткен ғасырдың басында тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болды. Тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында осындай біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек».
Осы орайда, 2021 жылдың 25 қарашасы күні Қоғамдық пәндер кафедрасы «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі» қоғамдық қорымен бірігіп, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында, «Алаш идеясы және Тәуелсіздік» тақырыбында жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге бағытталған іс-шара өткізді. Онлайн форматта ұйымдастырылған іс-шараға «Қазақстан» ұлттық арнасы түсірілімін қолға алған «Ахмет. Ұлт ұстазы» атты телесериалдың шығармашылық тобының мүшесі, Алаш мұрасын зерттеп жүрген жас ғалым, онға жуық ғылыми кітаптардың авторы Ұшқын Сайдырахман шақырылды. Ғалымның Алаш қайраткерлерінің қоғамдық-саяси, ағартушылық қызметі жайлы тағылымы мол, әсерлі әңгімесін студенттер ұйып тыңдады, туындаған сұрақтарына терең жауап алды. Іс-шараға қатысқан Қоғамдық пәндер кафедрасының оқытушылары мен «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі» қоғамдық қорының қызметкерлері де кеш қонағына дидарласып, пікір алмасқаны үшін алғыстарын білдірді, ғылыми-шығармашылық табыстар тіледі.