Сәтбаев Университетінде «Ас болсын» челленджі өтті
Үстіміздегі жылы 17 ақпан күні Сәтбаев Университетінің проректорлары университет студенттеріне палау мен бауырсақ пісіру үшін жатақхана алдындағы алаңға жиналды. Акцияға университеттің Академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Бақыт Жәутіков, Корпоративтік даму жөніндегі проректор Ержан Көлдеев, Ғылым жөніндегі проректор Әлібек Шоқпаров және Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор Мансұр Әлімханов қатысты.
Проректорлар мойнындағы галстуктары мен іскерлік киімдерінің орнына жұмыс киімдерін киіп, керек азық-түлікті өздері сатып алып, далаға қазан мен ошақ орнатып, жүздеген адамға палау мен бауырсақ әзірледі! Қыстың қақаған аязында суыққа тоңып жүрген студент жастар үшін бұл, әрине, өте тамаша ойластырылған іс болды – ыстық тамақ үстінде ыстық көңіл-күймен қауышқан басшылық пен студенттер біраз уақытты бірге өткізіп, бір-біріне жақындай түсті, сөйтіп бірлік пен тұтастыққа біріге білді.
Сәтбаев Университеті бұл челленджді өткен аптада Toraighyrov University-нен қабылдаған болатын. Енді осы көңілді күймен кезекті челленджді әрі қарай Dulaty University-не – М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетіне жолдады.
Политех лучше всех! Ас болсын!