Сәтбаев университетінде бағдарламашылар даярлаудың жаңа бағыттары
Қазіргі заманда ақпараттық технологиялар күнделікті өмірімізден тереңірек орын алып, тұрмысымызды, қоғамды, тіпті елдің экономикасын тұтастай өзгертуде. Ғалымдар келешекке нық қадам басып, көз алдымызда күнде бір жаңалық ашуда – жасанды интеллект, нанотехнологиялар мен биотехнологиялар. Алгоритмдер мен мәліметтерді өңдеу шаралары адам өмірінің барлық саласына түгелдей енуде, көптеген салалардағы механикалық жұмыстар инновациялық шешімдер арқылы тұтастай автоматтандырылуда. Осы орайда Сәтбаев университеті «Бағдарламалық инженерия» кафедрасының меңгерушісі Расул Юнусов қазіргі жаңа технологиялар заманында алгоритмдер мен математикалық білімнің көмегімен қалайша бәсекеге төтеп беру керек екені жайлы әңгімелейді.
– Расул, кафедрада студенттер не оқып үйренеді?
– Біз студенттерге бағдарламалық өнімдерді жасауды үйретеміз. Жеке компьютерге арналған қосымшалар мен мобильді қосымшалардан бастап, Gmail, Facebook тәрізді серверлердің қосымшаларына дейін үйретеміз. Сондай-ақ серверлерге арналған қосымшалар мен бөлу жүйелерін де үйретеміз. Бүгінгі таңда бакалавриаттың білім беру бағдарламасына «Жасанды интеллект» пәнін енгізіп отырмыз. Бұл пәнді студенттер қызыға оқуда, кейін оны магистратура мен докторантура бағдарламасы бойынша да тереңдете оқуға болады.
– Сіздің кафедраны бітірген түлектер қазір қай салада еңбек етіп жүр? Олар өз мамандықтары бойынша жұмыс жасай ма?
– Сәтбаев университетінің түлектері республикамыздың барлық дерлік ірі-ірі компаниялары мен ұжымдарында еңбек етеді. Ең үздік түлектер ұлттық компанияларда, коммерциялық, банктік және мемлекеттік құрылымдарда қызмет атқарады. Десек те, үздіктер қатары жыл сайын көбейіп, бакалавриат дипломын алып шыққан түлектер өз мамандықтары бойынша (бағдарламашылар, инженерлер ретінде) жұмысқа тұрып, бәсекеге қабілетті бола білсе екен дейміз. Сондықтан қазірден бастап біз оларға сапалы білім беруге тырысудамыз. Университет те бұл бағыт бойынша үлкен-үлкен жұмыстар атқаруда. Атап айтқанда, біз оқу әдістерін өзгерттік, оқу бағдарламаларын қайтадан қарап шықтық, нағыз керек деген эллективті пәндерді студенттер өздері таңда оқиды.
Профессор-оқытушылар құрамын жыл сайын жаңарта отырып, олардың қатарын жас кадрлармен толықтырамыз. Сонымен қатар өндіріс орындарынан кәсіби мамандарды баулу әдісі де жүргізіледі, олар іс жүзінде алған білімдерін, тәжірибелерін студенттерге үйретуден жалықпайды. Бізде жас мамандар өте көп, олардың көпшілігі индустриядан, коммерциялық компаниялардан келген. Кәсіби мамандардан құралатын команданы жинақтау өте қиын, оған ұзақ жылдар керек. Бізде қазір осы үрдіс жүріп жатыр, еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие болып жүрген мамандарды өз қатарымызға тартудамыз.
Ең бастысы – олар Сәтбаев университетіне өз білімдерімен, тәжірибелерімен бөлісу үшін келді. Атай айтсақ, біздің командаға Александр Пак келді, ол техника ғылымдарының кандидаты. Қазір ол машинамен оқыту механизмдерін қолдана отырып, медициналық мәліметтерді зерттеу жөніндегі жобамен айналысып жүр. Тимур Меримбаев та тамаша жайсаң жан, әрі мықты математик. Оның шетелдік компанияларда үйреніп келген тәжірибелері бізге өте қажет. Осы тәжірибесінің арқасында ол студенттерге халықаралық еңбек нарығында қалайша жоғары сұранысқа ие маман атануға болатыны жайында өз өмірінен мысалдар келтіреді. Шыңғыс Кимшинов бейнелер мен кескіндерге сараптама жүргізеді, ол «компьютермен көру» маманы. Тағы бір оқытушымыз – Константин Латута. Оны Сүлеймен Демирел атындағы университеттен шақырттық. Бізге оның терең білімге деген құштарлығы мен қиыншылыққа төзімділігі ұнайды.
– Кафедрада сіздер қандай міндеттерді орындайсыздар? Оқу үрдісінің келешегі қандай болады деп ойлайсыз?
– Университеттің бірінші міндеті – еңбек нарығының сұраныстарын жоғары білікті кәсіби мамандармен қанағаттандыру. Сондықтан да біз соңғы шыққан жаңалықтардың барлығын қадағалап, өзекті технологияларды студенттерге үйретуге тырысамыз. Біз өндіріспен үнемі байланыс жасаймыз, Google, Facebook, Microsoft, Oracle, IBM секілді ірі технологиялық компаниялардың жұмысына сараптама жүргізіп, олардың жетістіктерін көріп отырамыз. Бұл компаниялардың барлығында зерттеу орталықтары бар, біз олардың жетістіктеріне, зерттеулеріне де жүгініп, өзімізге қажетті ақпараттарды аламыз және олардың инновациялық жаңалықтарын қолданамыз.
Бағдарламашылардың ағылшын тілін білгені өте маңызды, сондықтан да біз студенттердің ағылшын тілін білу деңгейіне көп көңіл бөлеміз. Оқу бағдарламаларының қолданылу шектерін тиянақты түрде дайындау арқылы оқу пәндерін бір ізге келтіріп, әрбір мамандықтың негізгі өзегіне аса көңіл бөлеміз. Бұл дегеніміз – білім беру бағдарламасын құрайтын бірнеше пәннің жиынтығы. Ал бағдарламалау саласында мұндай пәндер саусақпен санарлық қана, атап айтқанда – алгоритмдер мен мәліметтер құрылысы, ЭВМ архитектурасы, мәліметтер базасы, жүйелік бағдарламалау және желілік бағдарламалау. Бұл пәндерді студенттер бірінші және екінші курстарда өтеді. Мамандық бойынша білім беру үрдісінің негізгі әдісін дұрыс жоспарлау – студент дұрыс білім алып, келешекте бәсекеге қабілетті маман иесі болып шығуының кепілі болып табылады.
– Расул, жан-жағымыздағы дүниенің бәрі үнемі жаңарып отырады емес пе?
– Ия, жаңа технологиялар мен бағдарламалар тілі дүниеге келіп жатыр, сондықтан негізгі іргелі білімді толық меңгерген адам ол жаңалықтарды да оңай меңгере алады. Бұрын мұндай өзгерістер еш жарнамаланбайтын еді, алайда бағдарламашылар қаншалықты білімді болса да, технологиялық үдерістер тоқтаусыз жаңарып келеді. Сол себепті жаңалықтардан да, өзгерістерден де тыс қалмау үшін, үнемі оқып, білімді ұштап отыру керек. Егер де солардың бірін жіберіп алсаң, заман ағымынан да қалып қою мүмкін. Сол үшін де біз студенттерге қазіргі нарық талаптарын үнемі үйретіп, оқу жоспарларына жаңа бағдарламалар тілін, жаңа технологиялар мен жаңа икемділік әдістерін қосып отырамыз. Үшінші және төртінші курстарда студенттердің ой-өрістерін кеңейтуге бағытталған пәндер оқытылады. Әрі дәл сол кезде студенттер болашақ мамандықтарын таңдап, сол бағытта оқиды. Мысалы, желілік қосымшаларды өңдеуші, мәліметтер базасын, мобильді қосымшаларды өңдеуші және т.б. Біздің міндетіміз – қандай қызмет түрлері бар екенін студенттерге көрсету, өз алған білімдерін одан әрі жетілдіру үшін қажетті шараларды дұрыс қолдануды үйрету.
– Сәтбаев университетінде студенттер стандартты білім ала ма, әлде одан да зор білім беріле ме?
– Басқа жоғары оқу орындарына қарағанда, бізде артықшылықтар мол – Сәтбаев университетінің құрамында бірнеше техникалық институттар бар екені белгілі. Сондықтан да біздің студенттерде мұнай химиясы, биотехнология, тау-кен өндірісі, машина жасау салалары бойынша пәнаралық тәжірибе жинақтау мүмкіндігі бар. Бұл оларға келешекте өндірісте жұмыс істеген кезде көп көмек болады.
Сонымен қатар студенттер жасанды интеллект бағыты бойынша да өз білімдерін шыңдай алады. Бұл қазіргі заманда өте кең тарап келе жатқан жаңа сала, оған машинамен оқыту, мәліметтер туралы ғылым және жасанды интеллект жатады. Бүгінгі таңда бұл – ғылымның барлық салалары бойынша зерттеу жұмыстарының басты бір бөлігі болып саналып отыр, оның бағдарламалаумен еш байланысы жоқ. Мысалы, медицинада обыр (рак) ауруына зерттеу жүргізу кезінде жасанды интеллект адам геномын қайтадан кодтау мәселелеріне көмектеседі. Әрине, бұл ғылыми жұмыс болып табылады. Өйткені мәліметтерді өңдеу барысында орын алатын әрбір мәселелер зерттеушілер алдына нақты міндеттер, атап айтқанда: сол мәселелердің дұрыс шешімін тауып, пайдалы нәтиже шығару үшін, қандай әдістер мен заңдылықтарды қолдану керектігі жөніндегі міндеттерді жүктейді.
– Оны кез келген адам меңгере ала ма, әлде ондай адамдар саны шектеулі ме?
– Оның бәрі студенттің өзіне, оның қабілетіне байланысты. Біздің еліміз Болон декларациясына қол қойғаны белгілі, яғни біз – европалық білім беру үрдісінің толық мүшесіміз. Ал Болон үрдісі – студенттерге орталықтандырылған білім беру. Ең алдымен бұл үрдіс бойынша оқыту қай жағынан тиімді екенін түсініп алу керек, содан кейін барып әрі қарай дамуына жол көрсетіп, бағыт-бағдар беру керек. Міне, осының бәрі кафедрада жүргізіледі. Мысалы, студент өзіне жұмыс іздейтін болса, немесе шетелде тағылымдамадан өткісі келетін болса, ол міндетті түрде кафедра меңгерушісіне жолығып, кеңес алуы тиіс. Ең бастысы – оқудың, болашақ бағдарламашы мамандығының қызық екенін студенттерге түсіндіре білу керек. Егер оған мамандығы қызық болса, әрине, ол келешекте мықты бағдарламашы болып шығады. Алайда бұл оған жоғары жауапкершіліктер жүктейді. Соның бәріне төзе білетін адам жақсы маман иесі болып шығары сөзсіз.
– Яғни, сіздер қыспаққа алып оқытасыздар ма?
– Қалайша қыспаққа аламыз?! Мысалы, шәйнек жасайтын зауытты алайық. Ол үтік немесе басқа бір зат жасап шығаруға міндетті емес, оның нақты міндеті – шәйнек жасап шығару. Жасаған шәйнегі жұмыс барысында тарелкаға немесе басқа бір затқа айналып жатса, әрине, оны істен шығарады. Сол сияқты бізде де көптеген адам оқудан шығарылды, менің тобымда келесі жылы 11 адам бітіреді. Бұлар – еңбек нарығындағы бәсекелікке төтеп бере алған, сондықтан да барлық қатаң талаптарға сай келетін тамаша мамандар.
Егер де студент 4-курстан кейін жұмыс таба алмайтын болса, ол біздің кінәміз деп білем. Ал егер де ол еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие болып, оның қызметі жоғары бағаланатын болса, бұл, әрине, біз үшін үлкен абырой, зор мақтаныш. Қазірдің өзінде біздің студенттер жоғары сұранысқа ие болып жүр, сондықтан олардың табыстары да жоғары. Оқу бітіргеннен кейін олар таптырмайтын тамаша маман болып шығары сөзсіз, сол үшін біз қазірден бастап дұрыс бағыт беруге тырысудамыз.
Әркімнің өз арман-мақсаты бар, онсыз болмайды. Міне, біз студенттерге сол армандарына жету мүмкін екендігін түсіндіруге тырысамыз, өздеріне деген, алған білімдеріне деген сенімді жоғалтпауға шақырамыз, тіпті олардың армандарына жол ашамыз.
– Сәтбаев университеті бағдарламалау бойынша қандай жаңа әдістер ұсынады?
– Жоғары оқу орнында білім беру үрдісі аясында Сәтбаев университетінің «Бағдарламалық инженерия» кафедрасы бағдарламамен қамтамасыз ету, машинамен оқыту және мәліметтерге сараптама жасау үрдісіне бағытталған төмендегі екі тамаша бағдарламаны ұсынады.
Software Engineering. Мұнда бағдарламамен қамтамасыз ету технологиясын тереңдете оқытуға, есептеу жүйесінің құрылысын түсінуге, тұрақты желілік қосымшалардың парадигмасы саласы бойынша білімді тереңірек ұштауға басты назар аударылады.
Machine Learning & Data Science. Мұнда жасанды интеллект саласы бойынша бағдарламамен қамтамасыз ету технологиясын тереңдете оқытуға баса назар аударылады. Мәліметтердің математикалық модельдері, оларды жобалау модельдері және ақпаратты өңдеу механизмдері мен автоматты түрде шешім қабылдау принциптері оқытылады.