Сәтбаев Университетінде бейресми білім беру белсенді түрде дамып келеді
Онлайн оқыту – қазіргі таңда білім беру саласындағы жаңа тренд, яғни жаңа оқу түрі, оны Stanford, Berkley және MIT секілді атақты университеттер жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Сәтбаев Университеті де жаһандық жаңалықтардан қалмай ілесіп, өз студенттеріне бейресми білім беру бағдарламалары арқылы әлемнің кез келген жерінде отырып оқуға және білімдерін жетілдіріп, дағдыларын шыңдауға мүмкіндік беріп отыр.
Осы мақсатта университет толыққанды онлайн білім беру жүйесін – Polytech Online платформасын әзірледі, ол арқылы базалық пәндерден бастап, арнайы пәндерге дейінгі 3000 оқу курсына қол жеткізуге болады. Polytech Online деректер базасында университет оқытушыларының көп тілді курстары сақталған, студенттер оған тәулік бойы қол жеткізе алады және ол үшін ешқандай шектеу қойылмайды. Университетте оқу-бейнематериалдар базасы қалыптасқанына қарамастан, деректер базасы үнемі жаңартылып отырады.
Сонымен қатар Сәтбаев Университеті жұмыс істеп жүрген мамандарға кәсіби тұрғыда қайтадан дайындықтан өту және біліктілігін арттыру бағдарламаларын ұсынады. Бұл бағдарламалар оларға жұмыс барысындағы дағдылары мен білімдерін жетілдіруге және жұмыста тиімділікті арттыруға көмектеседі.
Бүгінгі таңда Polytech Online платформасында 600 адам курсқа қатысуда, емтихандар да сол платформада жүргізіледі. Ал бақылау жасанды интеллект негізінде жасалған электронды бақылау жүйесі (прокторинг) арқылы қамтамасыз етіледі.
Жалпы, Сәтбаев Университеті студенттер мен кәсіби мамандарға әртүрлі салалар бойынша өз білімдерін жетілдіріп, дағдыларын шыңдауға көмектесетін бірнеше бейресми білім беру мүмкіндіктерін ұсынады. Бұл оларға мансап бойынша көтерілуге, сөйтіп тиімді өмір сүріп, табысты болуға көмектеседі.