Сәтбаев Университетінде мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсету шешімдерін әзірлеу туралы өткен байқаудың қорытындысы шығарылды
Сәтбаев Университетінде мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамға интеграциялануының технологиялық шешімдерін жасауға бағытталған ITMLab атты инновациялық бағдарлама жобасы аяқталды. Байқауға идеяларды шындыққа айналдыру және оларды дамыту жөніндегі 30 күндік қарқынды оқудан өткен 18 жоба ұсынылды.
Байқаудың қазылар алқасын ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің кеңесшісі, «IteachMe» қорының директоры Захира Бегалиева басқарды:
– Қатысушылардың кәсіби біліктілігі болашақта арта түсетініне мен сенімдімін. Бір ай бойы олар мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірін өз бастарынан өткізді. Ал қазір ойларына алған өте көп идеядан олардың көздері ұшқындап тұрғанын көріп, өзім де қатты қуанып тұрмын», – деді министр кеңесшісі өз сұхбатында. – Бүгін таңдап алынған үлгілерді біз Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне ұсынамыз. Ол идеялар барлық сынақтардан өтеді, сосын қажет болады деген идеяларды одан әрі дамыту үшін бүкіл Қазақстан бойынша таратамыз.
Бұл жобаны «ITeachMe» қоры «Шеврон» және Сәтбаев Университетінің қолдауымен ұйымдастырды. Күні бойы командалар қозғалысты жеңілдететін құрылғылардан бастап, мүмкіндігі шектеулі жандардың ұтқырлығын арттыру үшін қажетті ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз ететін технологияларға дейінгі әзірлемелер туралы айтып берді. Сөйтіп 7 команда жеңімпаз атанды, олар өз идеясының өнеркәсіптік прототипін жасау үшін 1 миллион теңге грант ұтып алды:
- Shaka — қолғап, ол көру қабілеті нашар адамдарға күнделікті өмірге бейімделуге мүмкіндік беретін діріл қозғалтқыштарымен/датчиктермен жабдықталған.
- Fenix Recovery — арнайы оңалту орталықтарында да, үйде де қолдануға арналған экзоскелет және ықшамды локомоторлы тренажер.
- Bulan — мүгедектер арбасын бекітуге арналған оңтайландырылған электронды құрылғы.
- РиМы — Брайль шрифтінің негізінде жасалған электронды кітап.
- «Жан» — ақ таяққа орнатуға арналған ұштарды тозу мерзімін азайта отырып өндіру.
- Техносила — нейрондық алгоритмдері бар бионикалық протездік қол.
- Procrastinators — нақты уақыт көлемінде ымдап жеткізу тілін мәтінге және керісінше ауыстыруға көмектесетін аудармашы қолданбасы.
Командалар үш ай бойы осы прототиптермен жұмыс істейді, сөйтіп ақпан айының басында өз жобаларының дайын дизайнын мүдделі тараптар мен инвесторларға ұсынады.
Мұндай жобаларды дамытуға бағытталған бұл бірінші хакатон емес. Сәтбаев Университеті мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдаудың әртүрлі әдістерін ұсынады: университетте Инклюзия орталығы жұмыс істейді, оның миссиясы – ғылымды дамыту және жоғары білім алу жүйесін барлық адамдар үшін қолжетімді ету. Ал «ITMLab» хакатоны – осы жұмыстың бір бөлігі болды, яғни инклюзивті болашақ құруға жасалған тағы бір қадам.