Сәтбаев Университетінде ойын әзірлеушілердің «Mythical Game Jam SU 2022» атты екінші республикалық фестивалі өтті
2022 жылғы 6–10 желтоқсан күндері Сәтбаев Университетінде «Mythical Game Jam SU 2022» атты екінші республикалық фестивалі өтті. Командалар «Мифология» тақырыбына ойындар әзірледі. Аталмыш іс-шара «Жаңа Қазақстан» даму бағдарламасын қолдау аясында ұйымдастырылды.
Биылғы жарысқа Алматы, Астана, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Тараз, Семей, Шымкент және басқа да қалалардан 70 команда қатысты. Сәтбаев Университетімен қатар Қазақстан-Британ техникалық университетінің, Сүлейман Демирел университетінің, Халықаралық ІТ университетінің, Алматы энергетика және коммуникация университетінің және т.б. студенттері қатысты.
Екі күн ішінде командалар әртүрлі ойындар әзірлеп, қазылар алқасы мен фестиваль қонақтарына ұсынды. Ал Тұран университетінің «Koumiss Games» командасы жеңімпаз атанды. Чемпиондар сайысында екінші орын «Білім-инновация» лицейінің «Aşkım» оқушылар командасына бұйырса, үшінші орынды Сәтбаев Университетінің «XYZ» командасы жеңіп алды.
Осы үш жүлделі орындардан басқа тағы да төрт номинация бойынша жеңімпаздар анықталды:
1. «Innovation» номинациясын – Алматы «ITStep Almaty» академиясының «Отважные малокососы» командасы идеяның бірегейлігі үшін жеңіп алды;
2. «Design» номинациясын – визуалды стиль және тамаша эффект көрсеткені үшін Халықаралық IT университетінің «Aspire» командасы жеңіп алды;
3. «Script» номинациясы бойынша – үздік сюжет үшін №165 мамандандырылған лицей мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің «Ragnarёk Games» командасы жеңіске жетті;
4. «Best Junior Team» номинациясында – үздік мектеп жобасы үшін Республикалық физика-математика мектебінің «16-бит» командасы жеңіске жетті.
Фестивальдің жүлде қоры шамамен екі миллион теңгені құрады. Фестивальді Сәтбаев Университетінің Автоматтандыру және ақпараттық технологиялар институты мен TheHUB тәуелсіз жастар қауымдастығы ұйымдастырды.
Ұйымдастырушылар көрсетілген көмек үшін Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне алғыс білдіреді.