Сәтбаев Университетінде «Пик Верный» (Верный шыңы») деректі фильмінің премьерасы өтті
28 ақпан күні әйгілі Политехте Қазақстан альпинистері құрамасының 2022 жылдың жазында Верный шыңына шығуы туралы деректі фильмнің премьерасына арналған мерекелік кеш өтті.
Фильм Қазақстан альпинизмі саласындағы болған ерекше оқиға – Қазақстан құрамасының 2022 жылғы әлем чемпионатында биік тауға көтерілу техникасы класындағы жеңісі туралы баяндайды. Максим Тен бастаған құрама команда Верный шыңына (5250 м) бірінші болып көтерілді. Команда құрамында Роман Шестернин, Леонид Крупа, Зәкіржан Абдураимов және Станислав Лайпонулобар, ал жаттықтырушылар Артем Скопин мен Вячеслав Титов болды.
Верный шыңы Орталық Тянь-Шань тауындағы Батыс Көкшаал-Тоо жотасында, Қызыл-Әскер шыңының жанында орналасқан. Оны көбінесе Альпі тауындағы ең қиын шыңдардың бірі – Пти-Дрю шыңымен салыстырады. Альпинистер жүріп өткен 6Б күрделілігі жоғары санатты маршрут солтүстік-батыс қабырға бойымен өтті.
Маршруттың ұзындығы небәрі 1670 м болғанымен, оны жүріп өтуге 7 күн кеткен. Спортшыларға көптеген кедергілерді, гранитті қабырғаларға көтерілу кезінде жолда салбырап тұрған көптеген каминдер мен монолитті жерлерді басып өтуге тура келді, оның үстіне мұнда сақтандыру құралдарын сенімді түрде орналастыру да қиынға соқты. Альпинистерге платформаларға жабысқан қабырғада түнеуге де тура келді, ал биік шыңның басынан құлаған тастардан оларды жартастар қорғады.
Альпинистердің дәл осы өрлеуін Халықаралық спорттық альпинизм федерациясы (ISMA) атап өтіп, әлем чемпионатында Қазақстан командасына бірінші орын берді.
Альпинизм туралы фильмнің тұсаукесер шарасын көп жылдар бойы альпинизм туралы жазып жүрген тәжірибелі журналист Галина Муленкова жүргізді. Оның құттықтауынан кейін аты аңызға айналған қазақстандық альпинист, IFSM Asia вице-президенті, Республикалық альпинизм және спорттық альпинизм федерациясының бас хатшысы Қазбек Валиев пен Алматы альпинизм федерациясының президенті Артем Скопин сөз сөйледі.
«Пик Верный» фильмін тамашалаған көрермендер альпинистер командасына ұзақ уақыт құрметпен қол соғып, кейіннен Қазбек Валиевпен және 2022 жылғы әлем чемпиондарымен осы спорт түрін елімізде қалыптастыру мен дамытудың маңызды мәселелері туралы талқылауға мүмкіндік алды. Алдағы уақытта альпинизмді қалай дамыту керектігі туралы олардың пікірлері мен идеяларын тыңдау өте қызықты болды.
Кеш соңында Қазбек Валиев альпинистердің спорттағы жетістіктерін жоғары бағалап, оларға Қазақстан альпинизм және спорттық альпинизм федерациясының медальдары мен сыйлықтарын табыс етті.
Фильмнің тұсаукесері әйгілі Политехтың қабырғасында өтуі кездейсоқ емес еді, өйткені Қазбек Валиев пен белгілі альпинизм жаттықтырушы Ерванд Ильинский – осы Сәтбаев Университетінің түлектері. Ол жылдары университетте «Буревестник» студенттік секциясы жұмыс істейтін, 1971 жылы бұл команда альпинизмнен КСРО чемпионатында күміс медаль жеңіп алған болатын.
Қазақстан альпинизмінің тарихы тереңде жатыр. 2022 жылы спорт әлемі қазақстандық альпинизмнің 40 жылдығын атап өтті, ал «Тұйықсу» қазақстандық альпинистік лагерінің ашылғанына 85 жыл толды. Сәтбаев Университеті Қазақстан үшін дәстүрлі болып кеткен бұл спорт түрін әлі де қолдап келеді, университетте альпинистерге арналған секция жұмыс істейді. Сондықтан тұсаукесер аясында Федерация мен университет арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Студенттік альпинизмді жаңғырту бұл ынтымақтастық қарым-қатынастың басты мақсаты болмақ.
Егер де осы спорт түрінен өзіңізді сынап көргіңіз келсе, әлемді биіктен көріп, шынайы жолдастар тапқыңыз келсе, сіздерді университеттің Ада Молгачева жетекшілік ететін альпинизм секциясына шақырамыз. Мұнда сіздер нағыз шеберлерден кәсіби білім мен тәжірибе жинай аласыздар, сонымен қатар өзіңізге жаңа достар тауып, өмірлік серік болатын жұмыс та таба аласыз. Сіздер үшін барлық жол ашық!