Сәтбаев Университетінде «SU GAME JAM 2021» атты Ойын өндірушілер хакатоны басталды
Фестивальді «Цифрлы Қазақстан» Мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында Сәтбаев Университетінің Автоматтандыру және ақпараттық технологиялар институты Тәуелсіз жастар қауымдастығымен (theHub) бірлесе ұйымдастырып отыр.
Ойын индустриясы қазіргі заманда алдыңғы қатардың біріне шығып отыр. Желілік ойындар қазір жеңіл-желпі ойын-сауық ретінде емес, керісінше, шығармашылық пен инновациялық құралы ретінде қабылданып, жаһандық экономика мен мәдениетке әсер ете бастауда. Сондықтан да жыл сайын өткізілетін «SU Game Jam 2021» ойын өндірушілер фестивалі Қазақстандағы осы трендтің алғашқы қарлығаштарының бірі десе де болады.
«SU Game Jam 2021» дегеніміз – бағдарламашылардың, 3D және 2D суретшілердің, дизайнерлердің, геймдизайнерлердің, сценаристердің, музыканттардың және де көптеген салалардан жиналған талантты шығармашыл жастардың 4 күндік тамаша әрі қызықты бас қосуы. Олардың мақсаты – еліміздің цифрлау нарығын дамытуға атсалысатын келешегі мол инновациялық және қызықты бейнеойындарды әзірлеу.
Хакатонға қатысушылар «Ретро-стилінде» шығармашылық шабытпен өз жобаларын аз ғана уақыт ішінде жүзеге асыра отырып, өз потенциалдарын іс жүзінде қолдануға, бизнеске прототип ұсынуға мүмкіндік алады және де осы саланың үздік мамандарының шеберлік сабақтары мен тренингтеріне қатыса алады.
Ең үздік, әрі тамаша жобаның авторы фестивальдің ең басты жүлдесіне – Сәтбаев Университеті ректорының грантына ие болады.
Фестивальдің басты 3 жүлделі орнынан басқа жүлдегерлер тағы да мынадай номинацияда анықталады:
- «Innovation» – идеяның ерекшелігі;
- «Design» – визуальды стиль және әсерлілік;
- «Script» – үздік сюжет үшін;
- «Best Junior team» – мектеп жобасының үздігі.
Фестивальге 30 командаға біріккен 100-ден астам адам қатысты, олардың ішінде еліміздің ең үздік ойын әзірлеушілері бар: «Katata Games» ойынының негізін қалаушылар Марк пен Елена Титюк, «iDos Games» бас директоры Айдос Рыскелдинов, «Stratus Lab» ойын әзірлеу бөлімінің жетекшісі Сергей Лопатин және басқа да сарапшылар өнер көрсетті.
Фестивальға қатысушыларды Сәтбаев Университетінің ректоры Мейрам Бегентаев құттықтап, хакатон республикадағы ойын индустриясының өсуіне алғашқы қадам болатынына сенім білдірді.
– Келешекте Қазақстанның ойын индустриясы әлемдік нарықта басқа елдермен бәсекеге түсе алатынына мен сенімдімін. Сіздердің әрқайсыңыз болашақта үлкен жеңістерге жететін дайын ойыншы екеніңізді білемін! Өйткені әрбір әзірлеуші өз арманындағы ойынға ұмтылатын үздік ойыншы екені белгілі, – ректор деді.