Сәтбаев университетінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекетте жастардың ролі туралы дәріс өтті

Сәтбаев университетінде «Адалдық сағаты және академиялық адалдық» акциясы аясында оқу-ағарту жөнінде дәріс өтті. Оны университеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметі ұйымдастырды. Кездесудің тақырыбы – «Мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын жүзеге асыруда жастардың рөлі».
Дәріске қоғамдық қозғалыстардың өкілдері – Қазақстан Франчайзинг қауымдастығының вице-президенті, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Бекнұр Кисиков және Қоғамдық кеңестің сарапшысы, актер Алмат Әділбаев қатысып, сөз сөйледі. Олар бүкіл қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті нығайтуда, жемқорлыққа төзбеушілік көзқарасты қалыптастыруда және әділетті мемлекет құруда жастар маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Дәріс бетпе-бет диалог форматында, жылы әрі сенімді атмосферада өтті. Студенттер өз сұрақтарын еркін түрде қойып, әр адамның жеке таңдауы адал және ашық болашақ құруға қалай әсер ететіні туралы өз ойларымен бөлісті.
Семинар өзара пікір алмасуға және практикалық шешімдер іздеуге арналған ашық алаңға айналды. Ұйымдастырушылар мұндай бастамалар студенттік ортада және тұтас қоғамда адалдық пен сенім құндылықтарын қалыптастыруға көмектесетінін атап өтті.