Сәтбаев университетінде Ынтымақтастық комитетінің Геология және жер қойнауын пайдалану жөніндегі қазақстандық-қытайлық кіші комитеттің 12-отырысы өтті

Қазақстан-Қытай ынтымақтастық комитетінің Геология және жер қойнауын пайдалану жөніндегі кіші комитетінің отырысында қазақстандық ғалымдардың қытайлық әріптестерімен кездесуі екі елдің шекаралас аймақтарындағы бірлескен геологиялық зерттеулерді талқылау үшін маңызды алаңға айналды. Әсіресе Жоңғар Алатауының геологиялық құрылымы мен екі елдің геологиялық үлгілеріндегі айырмашылықтарға ерекше назар аударылды.
Қытай мен Қазақстанның шекаралас аймақтарының геологиялық картасын жасау – екі ел үшін де маңызды міндет болып саналады, өйткені бұл аймақтар пайдалы қазбаларға өте бай. Дегенмен, карта жасау процесі бірлескен шешімдерді қажет ететін бірқатар қиындықтарға тап болып отыр.
Екі жақ тараптар шекаралық аумақтардың 1:1 000 000 масштабтағы карталарын салыстыру және байланыстыру, сондай-ақ заманауи жаһандық тәсілдер мен өңірдің ресурстық әлеуетін нақтылау негізінде бірыңғай стандарттарды әзірлеу бойынша бірлескен жобаны жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Кіші комитет мүшелері жобаның ағымдағы жай-күйі мен жұмысты жалғастыру туралы перспективаларды қарастырды.
Жиынға ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Геология комитетінің төрағасы Ерлан Акбаров пен Қытай геологиялық қызметі директорының орынбасары Сюй Сюеи тең төрағалық етті. Кездесуге ҚХР Табиғи ресурстар министрлігінің, ҚР Минералды ресурстар академиясының және Сәтбаев университетінің өкілдері қатысып, ынтымақтастық қарым-қатынасқа үлкен қызығушылық танытты:
– Екі елдің тұрақты дамуы үшін біз геология және жер қойнауын пайдалану саласындағы практикалық ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделіміз», – деді Сюй Сюеи мырза кездесуде. – Бұл бізге өндіруші саланың әлеуеті мен оған салынған инвестицияны ашуға көмектеседі.
Кездесу соңында екі жақ тараптар Қазақстан мен Қытай арасындағы геология және жер қойнауын пайдалану саласындағы ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға көмектесетін хаттамаға қол қойды. Өзара жасалған келісімдер геологиялық карталардың сапасын арттырып қана қоймай, шекаралас аймақтардағы минералдық ресурстарды бірлесіп игеруге, пайдалы қазбаларды одан әрі зерттеуге және тәжірибе алмасуға берік негіз бола алады.