Сәтбаев Университетінде – жаңа проректор
Үстіміздегі жылы 2 шілдеде Сәтбаев Университеті Ғылыми кеңесінің кезекті отырысы өтіп, онда ғылыми-білім беру қызметі жөніндегі жаңа проректор таныстырылды.
«Қ. И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ» КеАҚ Директорлар кеңесінің 20.06.2018 жылғы шешімі бойынша бұл лауазымды Наурызбаева Ділдә Кенжехановна атқаратын болып бекітілді. Д. К. Наурызбаеваның қызметі негізінен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды (НИОКР) коммерциализациялау мәселесі бойынша өнеркәсіп орындарымен тығыз қарым-қатынас жасауға, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейін білім беру және қашықтықтан білім беру технологияларын пайдалану бағдарламаларына басшылық жүргізуге бағытталған.
Наурызбаева Ділдә Кенжехановна – Қазақ-Британ техникалық университетін (ҚБТУ) «Қолданбалы экология (мұнай-газ саласында)» мамандығы бойынша бітірген.
2008 жылы Д. К. Наурызбаева француздық «Total b.v.» мұнай компаниясының білім беру грантын жеңіп алып, Жоғары техникалық мектепте (Ecole des Mines de Nantes) магистратурада «Project management for Environmental and Energy Engineering» мамандығы бойынша оқып келді.
Жоғары оқу орындары жүйесінде Д. К. Наурызбаева ҚБТУ-дың Инновациялық білім беру қызметінің басшысы, ҚБТУ-дың Сандық технологиялар академиясының директоры, Сәтбаев Университетінде жоғары оқу орнынан кейін білім беру жөніндегі басқармасының бастығы қызметтерін атқарды. Ол – «Мұнай-газ ісі» мамандығы бойынша PhD докторы, ағылшын және француз тілдерін толық меңгерген. Д. К. Наурызбаеваның басшылығымен Сәтбаев Университетінде Атом өнеркәсібінің халықаралық ғылыми-білім беру орталығы құрылған.