Сәтбаев Университетінің басшылығы Германияның жұмыс делегациясымен кездесті
Сәтбаев Университетіне неміс делегациясының өкілдері – Германияның Литий институтының (ITEL) басшысы Ульрих Блюм, Мерсенбург университетінің экономика және информатика факультетінің деканы Дирк Сакман, Günter Papenburg AG басшысы Андреас Хайльман және Angela Papenburg компаниялар тобының акционері Элеонора Вахтиосина келді. Оларды Сәтбаев Университетінің Халықаралық ынтымақтастық және стратегиялық даму жөніндегі проректоры Самғат Ермекбаев пен Жобаларды басқару институтының директоры Бақытжан Амралинова қарсы алды.
Екі жақ тараптар болашақ ынтымақтастық қарым-қатынас пен одан күтетін үміттер жайлы талқылады және өзара ынтымақтастық қарым-қатынас қысқа мерзімді де, ұзақ мерзімді перспективада да ғалымдардың өзара байланысынан бастап, жеке бастамаларды коммерцияландыруға дейін жүзеге асырылатынын атап өтті.
Кездесу өте нәтижелі болды – қатысушылар заманауи технологиялар жөнінде, атап айтқанда: литий өндіру және өңдеу, логистика, цифрлық шешімдер, айналмалы экономика саласы бойынша өз тәжірибелерімен және білімдерімен бөлісті, сонымен қатар жеке жобаларды жүзеге асырудың нақты жолдарын талқылады.
Кездесу барысында олар Германияның Білім және зерттеулер жөніндегі федералдық министрлігі мен бизнес-қауымдастықтарының қолдауымен логистика және литий саласындағы ғылыми жобаларды жүзеге асыру барысы, құрылыс технологиялары саласындағы ықтимал жобаларды атап өтті.
Günter Papenburg AG халықаралық тобы – 1963 жылы құрылған инновациялық компания. Бүгінде оның 61 еншілес және өндірістік бөлімшелері бар. Компания қызметі шикізат өндіру, құрылыс материалдарын шығару, құрылыс пен логистика секілді кең ауқымды қызмет түрлерін қамтиды.
Оның серіктесі – Германиядағы литий ғылыми-зерттеу институты (ITEL, KNAUF), ол шикізат өндіру, құрылыс материалдарын шығару, құрылыс пен логистика саласын қоса алғанда, кең ауқымда жұмыс істейді.