Сәтбаев Университетінің басшылығы ғылымды қаржыландыру мәселесінде дамыған елдерден үлгі алуды ұсынады
Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысында шағын және орта бизнесті дамыту мәселелері, ғылымды дамытудағы проблемалар мен білікті техникалық бағыттағы кадрларды даярлаудың жаңа тәсілдері қаралды.
Сәтбаев Университетінің ректоры Мейрам Бегентаев өз сөзінде университетте ғылым, білім және өндірісті үйлестіру арқылы жоғары білікті кадрларды даярлау сапасын арттыруға және ғылыми әзірлемелерді қолданбалы түрде пайдалануды дамытуға қалай қол жеткізіп отырғаны туралы айтты.
Қазақстан университеттері академиялық еркіндік пен өзін-өзі басқару тәсілінің арқасында экономикадағы болып жатқан өзгерістер мен жаңа тенденцияларға дер кезінде көңіл бөле алады. Бұл ретте университеттің ең маңызды мәселелері корпоративтік басқарудың заманауи әдістерін енгізу арқылы алқалы түрде шешіледі. Бұл университетті басқару жүйесінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен қатар университеттің даму стратегиясының негізгі мақсаттарын «Сапалы білім «Білімді ұлт» ұлттық жобасының көрсеткіштеріне және заман талабына сәйкес жедел жаңартуға мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда университет 189 білім беру бағдарламасы бойынша білім береді. Ол бағдарламалар еңбек нарығының сұраныстары мен жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес тұрақты түрде әзірленіп және жаңартылып отырады. Сәтбаев Университеті студенттерді университет қабырғасында оқыта отырып, өндіріс орнында практикадан өткізу үшін жұмыс берушілерді тартады. Сонымен қатар университет болашақты көздейтін инновациялық білім беру бағдарламаларын әзірлейді, мысалы: бизнес-инженерия, сирек және радиоактивті элементтер технологиясы, mineral processing, биомедициналық инженерия – бұл бағдарламалар Жаңа мамандықтар атласында ұсынылған. Жұмыс берушілермен ынтымақтастық қарым-қатынас туралы айта келе, Мейрам Бегентаев «ҚазФерроСталь», BI Group, «Қазатомөнеркәсіп», «ҚазМұнайГаз» және «Қазфосфат» кәсіпорындарымен бірлескен жұмыс тәжірибесін мысал ретінде келтірді.
Сәтбаев Университеті ғылым саласы бойынша зерттеулердің қолданбалы сипатын және ғылыми-техникалық әзірлемелерді коммерцияландыруды дамытуда. Университет ғалымдары мен мамандары мұнай компанияларының өндіріс орындарына енгізілетін бағдарламалық жүйелерді жасап, коммерциялық әлеуеті бар жобаларды әзірлеуде. Ол үшін университет аумағында ғалымдар үшін шағын инновациялық кәсіпорындар құруға мүмкіндік беріліп отыр.
Сонымен қатар Қазақстанның ғылымын дамытуға мемлекет тарапынан бөлінетін қаржы – жалпы ішкі өнімнің 0,1 пайызы – әлемнің дамыған елдеріндегі ғылыми зерттеулерді қаржыландыру деңгейінен айтарлықтай төмен екендігі, ал дамыған елдер жыл сайын ғылымға елдің ЖІӨ-нің 2-ден 5-ке дейінгі пайызын бөлетіні туралы да айтылды.
Сәтбаев Университетінің негізгі табыс көзі техникалық мамандықтарды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру гранттары болып табылады. Сондай-ақ университетте жүзеге асырылатын ғылыми зерттеулердің құны 7 миллиард теңгеге жуық.
– Дегенмен де, білім беру қызметтері мен ғылыми қызметтен түсетін кіріс түгел дерлік университет қызметкерлерінің бәсекеге қабілетті жалақысын қамтамасыз етуге және инфрақұрылымды жақсартуға жұмсалады. Ал университеттің ғылыми инфрақұрылымын дамытуға және ғылым саласы бойынша халықаралық ынтымақтастықты дамытуға еш қаражат қалмайды, – деді Сәтбаев Университетінің ректоры Мейрам Бегентаев өз сөзінде.
Сондықтан да алға қойылған міндеттерді орындау мақсатында университеттің ғылыми қызметін қаржыландыруға, инфрақұрылымды дамытуға, оқу жабдықтары мен ғылыми зертханаларды жаңартуға қосымша қаражат қажет.
Жоғары білім беру жүйесінің алдында тұрған маңызды мәселелерді, яғни техникалық кадрларды даярлау міндеттерін тиімді шешу үшін, Сәтбаев Университетінің ректоры ғылымды қаржыландырудың қосымша тетіктерін қарастыруды ұсынды. Атап айтқанда:
- студенттерге білім беру кредиттерін енгізу керек;
- магистратурада оқу құнын 1 миллионнан астам теңгеге көтеру керек;
- жұмыс берушілермен бірлесіп, кадрлар даярлау бағыттары бойынша жаңа кәсіби стандарттар әзірлеу керек;
- жер қойнауын пайдаланушылардың табысынан мамандарды даярлауға және зертханаларға жабдықтар орнату үшін бөлінетін 1% қаражатты барынша ашық түрде жүргізу керек;
- зерттеу университеттерінің инвестициялық жобаларын әзірлеп, бекіту керек.
Мейрам Бегентаевтың ойынша, ауқымды мемлекеттік мақсатты бағдарламаларға, ғылыми зерттеулер мен технологияларды дамытудың негіздемелік бағдарламаларына, салықтық жеңілдіктер мен инновацияларға инвестиция салатын кәсіпорындарды субсидиялау бағдарламаларына сүйене отырып, дамыған елдердің үлгісі бойынша жүргізілетін жұмыс Қазақстан университеттерінде ғылымның дамуына жаңа серпін береді.