Сәтбаев университетінің Директорлар кеңесі құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін DIATOMITE зауытының құрылысына барды

Жұмыс сапары аясында Сәтбаев университетінің Директорлар кеңесі STROYTECH технопаркінің аумағында салынып жатқан DIATOMITE ғылыми-өндірістік кешеніне барды. Бұл кешен — құрғақ құрылыс қоспаларын өндіруге арналған зауыттың құрылысы.
Аталмыш жоба «Тұрақты құрылыс саласын кешенді дамыту» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда, оның мақсаты – университеттің ғылыми әзірлемелеріне негізделген өнеркәсіптік база құру. Зауыт базасында Қазақстанның климаттық ерекшеліктері мен заманауи құрылыс стандарттарына бейімделген құрғақ құрылыс қоспалары, плитка және сылақ өнімдері өндірілетін болады.
DIATOMITE ғылыми-өндірістік кешені — университеттің негізгі жобаларының бірі. Қазірдің өзінде бұл жоба алғашқы нәтижелерін көрсете бастады: мұнда өзіндік технологиялар әзірленді, өнім жеткізу бойынша келісімшарттар жасалды, ғылыми шешімдерді өндірістік деңгейде енгізу үшін үш спин-офф компания құрылды. Ал STROYTECH технопаркі құрылыс материалдары саласы бойынша мамандарды даярлау мен ғылыми зерттеулер жүргізу орталығына айналмақ.