Сәтбаев Университетінің ғалымдары «Ең үздік ғылыми қызметкер-2021» атағына ие болды
Қазақстанда «Ең үздік ғылыми қызметкер-2021» байқауының қорытындысы шығарылды. Жеңімпаздарға марапаттарды, сертификаттар мен төсбелгілерді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов салтанатты түрде табыс етті. Жеңімпаз атанған 50 сертификат иегерінің әрқайсысына 6 миллион теңгеден сыйақы берілді.
«Ең үздік ғылыми қызметкер-2021» атағын алғандардың қатарында Сәтбаев Университетінің ғалымдары да бар, олар: физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, «Инженерлік механика және модельдеу» кафедрасының меңгерушісі Қалтаев Айдархан және техника ғылымдарының докторы, профессор, «Энергетикадағы модельдеу» ғылыми-өндірістік зертханасының меңгерушісі Жапбасбаев Ұзақ Қайырбекұлы.
«Ең үздік ғылыми қызметкер-2021» сыйлығының байқауы елімізде алғаш рет өткізіліп отыр және ол ғылым мен техниканың дамуына зор үлес қосқан ғалымдарды, ғылыми қызметкерлерді ынталандыруға бағытталған.
Сондай-ақ байқаудың қорытындысы бойынша дарынды жас ғалымдарға мемлекеттік шәкіртақы тағайындау сертификаттары табыс етілді. Олардың арасында Сәтбаев Университетінің жас ғалымдары: Орынбасарова Эльмира Орынбасарқызы, Қосалбаев Бекжан Дүйсенбіұлы, Кембаев Мақсат Кенжебекұлы осы аталмыш шәкіртақы иегері атанды.
– Ғылыми еңбектері жоғары бағаланып, лайықты сыйақыға ие болған барлық ғалымдарды жеңістерімен құттықтаймын! Біздің университетте ғалымдардың ғылыми белсенділігін ынталандыру бойынша қосымша іс-шаралар әзірленуде. Келесі жылы еліміздің үздік ғалымдары қатарында Сәтбаев Университетінің қызметкерлері бұдан да көп болатынына сенімдімін», – деді Ғылым және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор Әлібек Шоқпаров.
Байқау бойынша қосымша кеңес алу үшін, Ғылым департаментінің Зияткерлік меншікті және жарияланымдылық белсенділікті дамыту бөліміне хабарласыңыз. Мұнай корпусы, 610-кабинет немесе мына телефон арқылы: 292-63-46.