Сәтбаев университетінің ғалымдары ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлыққа ие болды
Республика күні қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени және рухани дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға және қоғамдық қызметке қосқан зор үлесі үшін ел азаматтарын мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды.
Марапатталғандар қатарында еңбек ардагерлері, жұмысшы мамандықтарының өкілдері, өндіріс пен бизнес саласының қызметкерлері, ғалымдар мен ұстаздар, дәрігерлер, әскери қызметшілер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, мәдениет, спорт және өнер қайраткерлері бар.
Ғылым мен техника саласы бойынша Әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлық Сәтбаев университетінің ғалымдарына — «Қазақстан Республикасының гидрогеологиялық карталарының атласы» атты іргелі еңбектің авторлар ұжымына берілді. Лауреаттар қатарында ҚР ҰҒА академигі Малис Абсаметов, геология-минералогия ғылымдарының докторы Рахматулла Аязбаев, Қазақ ұлттық жаратылыстану академиясының академигі Ержан Көлдеев, геология-минералогия ғылымдарының кандидаты Ермек Мұртазин және ҚР МРА академигі Владимир Смоляр бар.
Атлас – Қазақстан тарихында алғаш рет елдің жерасты гидросферасын кешенді түрде картаға түсірген ғылыми жоба болды. Онда ел аумағының геологиялық құрылымы, сулы қабаттар мен олардың химиялық құрамы, жерасты суларының экологиялық жай-күйі туралы мәліметтер бірінші рет жүйеленіп, бірыңғай геоақпараттық жүйе жасалды.
Бұл еңбек Қазақстанның су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және табиғатты ұтымды пайдалану саясатын іске асыру жөнінде стратегиялық мәнге ие болып отырған бірегей ғылыми жетістік ретінде бағаланды. Атласты Су ресурстары және ирригация министрлігі, Геология комитеті, өңірлік әкімдіктер мен жетекші жоғары оқу орындары өз тәжірибесінде кеңінен қолданып келеді.
Халықаралық сарапшылардың пікірінше, қазақстандық ғалымдардың бұл еңбегі жер асты суларын картаға түсірудің әлемдік стандарттарына сай келеді және осы аймақтағы елдер үшін үлгі боларлық ғылыми жоба саналады.



