Сәтбаев университетінің ғалымдары ғылым мен технологияны дамытуға зор үлес қосқандары үшін Мемлекеттік сыйлыққа ие болды
Республика күні қарсаңында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдің дамуына, ғылым мен техника саласына сүбелі үлес қосып, орасан зор жетістіктерге қол жеткізгені үшін ғалымдарға мемлекеттік жоғары марапат табыс етті.
Сәтбаев университеті ғалымдарының екі бірдей жобасы ғылым мен техника саласы бойынша Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлығына ие болды – бұл ғылым және техника қайраткерлерінің қоғам мен мемлекет алдындағы ерен еңбегін жоғары мойындаудың айғағы.
Бірінші жоба – «Қазақстан Республикасының гидрогеологиялық карталар атласын» жасау. Бұл еліміздің жерасты сулары жөніндегі деректерді жүйелейтін және республика аумағы бойынша бірыңғай геоақпараттық жүйені қалыптастыратын іргелі ғылыми еңбек болып табылады.
Атлас су ресурстарын ұтымды пайдалану мен қорғаудың негізіне айналды, оны Су ресурстары және ирригация министрлігі, Геология комитеті, өңірлік әкімдіктер мен жетекші жоғары оқу орындары өз тәжірибесінде және сумен қамту бағдарламалары мен экологиялық саясатты әзірлеу барысында кеңінен қолданып келеді.
Жобаның авторлардың қатарында – У.М. Ахмедсафин атындағы Гидрогеология және геоэкология институтының директоры, ғылым докторы Малис Абсаметов, «АлматыГидроГеология» кәсіпорнының бас директоры Рахматулла Аязбаев және Сәтбаев университетінің Ғылым және корпоративтік даму жөніндегі проректоры, техника ғылымдарының кандидаты Ержан Көлдеев бар. Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, бұл еңбек картографиялаудың әлемдік стандарттарына толық сәйкес келеді және аймақтың басқа да елдері үшін үлгі бола алады.
Марапатталған екінші ғылыми жоба түсті металлургияның кондицияға сай келмейтін шикізатынан маркалы селен алу бойынша вакуумдық-термиялық технологияны әзірлеуге арналған. Жаңа әдіс мыс шламдарынан – өндіріс қалдықтарынан 99,5% тазалықтағы селен алуға мүмкіндік береді, осылайша оларды құнды өнеркәсіптік ресурсқа айналдырады. Бұл зерттеу экологиялық тұрғыдан қауіпсіз шикізатты қайта өңдеу және Қазақстанның шикізаттық тәуелсіздігін нығайту ісінде маңызды рөл атқарады. Авторлар қатарында – Металлургия және байыту институтының бас директоры, техника ғылымдарының докторы Бағдәулет Кенжалиев, Сәтбаев университетінің ғалымдары және «Қазақмыс» корпорациясының мамандары бар.
Мемлекеттік наградалар университет өкілдеріне жеке жетістіктері үшін де табысталды. Халықаралық ынтымақтастық және стратегиялық даму жөніндегі бірінші проректор Самғат Ермекбаев, қызыл апорт иісі бар парфюмерлік композицияның авторы Гүлжан Түзелбаева және қауымдастырылған профессор Назым Өзекбаева «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталды. Профессор Аужан Сақабековке «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді. Олардың ерен еңбегі мен ғылыми белсенділігі Сәтбаев университетінің отандық және әлемдік ғылыми қауымдастықтың дамуына қосқан зор үлесін дәлелдейді.
Әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлықтың берілуі Сәтбаев университетінің ғылыми тұрғыда көшбасшы екендігін және қазақстандық технологиялардың әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті әлеуеті бар екенін тағы бір мәрте растады.
Ғылым мен технологияларды дамыту – елдің тұрақты өсуі мен технологиялық тәуелсіздігінің кілті екенін Президент Тоқаев бірнеше рет атап өткен болатын.
Лауреаттарды марапаттарымен шын жүректен құттықтаймыз және алдағы еңбектеріне жаңа ғылыми жаңалықтар мен жетістіктер тілейміз!



