Сәтбаев Университетінің қызметкерлері Ғылым күніне арналған мерекені Қаныш Сәтбаев ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен ашты
11 сәуір күні Қазақстан Республикасының Ғылым күнін және қазақтың ұлы геолог-ғалымы, академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойын атап өту үшін, белгілі ғалымдар мен студенттер, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының өкілдері Сәтбаев Университетіне жиналды. Олар ұлы ғалымға құрметпен тағзым етіп, ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Сәтбаев Университетінің ұйымдастыруымен өткен мерекелік іс-шара Қаныш Сәтбаевтың ғылыми мұрасына және оның Қазақстан ғылымы мен білімін дамытуға қосқан үлесіне деген құрметтің айқын көрінісі болды. Көктемнің осы шуақты күнінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетінің төрағасы Ғалымжан Жанқуатов, Ұлттық инженерлік академияның президенті Бақытжан Жұмағұлов, ERG және «Қазақмыс- Барлау» компанияларының өкілдері және ғылым мен өндіріс орындарының басқа да жетекшілері Алматыға жиналды. Іс-шараға ұлы ғалымның ұрпақтары мен шәкірттері, әрі ғалымның немересі, профессор, химия ғылымдарының докторы Алима Жармағамбетова келді.
– Сіздерді Ғылым күнімен, Қаныш Имантайұлының мерейтойымен және осында, ескерткіштің жанына жиналу дәстүрінің 25 жылдығымен құттықтаймын», – деді Әлима Қайнекейқызы өз сөзінде. – Мен оның ескерткіші дәл осы жерде, осы дәстүрді айнытпай орындап келе жатқан Қазақстандағы ең үздік техникалық университеттің алдында тұрғанына өте қуаныштымын.
Салтанатты шараға қатысушылар Сәтбаевтың идеясы мен мұрасын одан әрі дамытып, ісін жалғастыру үшін, оның өнегесінен шабыт алып, жоғары ғылыми жетістіктерін еске алды. Салтанатты шара суретке түсу дәстүрімен аяқталды.
Салтанатты жиыннан кейін «International Satbayev Conference 2024. Ғылым мен технологияның интеграциясы: тұрақты даму жолы» (Сәтбаев оқулары – 2024) атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция басталды. Биылғы жылғы конференцияда ғылыми қауымдастықтың мүдделері мен тұрақты даму мәселелеріне Қаныш Сәтбаев рухында ерекше көңіл бөлінді.