Ақпарат:

14 маусым 2019 6761

Сәтбаев университетінің өкілдері «Ұлы Дала – көшпенділер әлемі» этнофестивалына қатысты

Сәтбаев университетінің өкілдері «Ұлы Дала – көшпенділер әлемі» этнофестивалына қатысты

Үстіміздегі жылы 7–8 маусым күндері Алматы маңындағы «Боралдай сақ қорғандары» тарихи-археологиялық паркінде «Ұлы Дала – көшпенділер әлемі» атты этномәдени фестиваль кезекті рет өтті.

Аталмыш жиынға әлемнің 18 елінен келген қатысушылар Ұлы Даланың ежелгі мәдениеті мен тұрмысына ден қойып, сонау тарихи кезеңдерге сахналық шолу жасады. Әр елдің майталман этно-сазгерлері, спортшылары мен қолөнер шеберлері өз дәстүрлерін дәріптеп, ұлттық ойындары мен тұрмыс-салттық рәсімдерінен үзінді көрсетіп, көшпенді халықтардың ән-жырын жырлады. Ал фестивальдың ашылу салтанатында қатысушылар біздің ұлттық Көк туымызды желбіретіп, патриоттық шеруде жүріп өтті.

Күресшілер, садақ атушы мергендер мен әскери-патриоттық бишілер ансамбльдері шоу-бағдарлама ретінде өз өнерлерін ортаға салды, ал Қырғызстаннан келген Salbuurun командасы көрермендерді құсбегілік және аңшылық өнердің қыр-сырымен таныстырды. Фестиваль барысында этникалық көрмелер, қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылып, көрермендердің қатысуымен ұлттық ойындар, ат жарыс, садақ ату жарысы өтті. Қонақтар көшпенді халықтардың өмірін тамашалап, тұрмыс-салттарымен және ұлттық тағамдарымен танысты.

Фестиваль барысында көрермендер назарына ұсынылған барлық заттар мен ұлттық дәстүрлер тарихи шындыққа сәйкестендіріліп көрсетілді, тіпті ел арасына кеңінен танымал алтыбақан да ауылдың сәнін келтіріп, жарасымды үйлесім тауып тұрды. Сонымен қатар этноауылда қымыз жасаудың технологиясымен танысып, қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татуға да мүмкіндік болды.

Этномәдени фестивальдың мақсаты – көшпенді халықтардың ежелгі тарихы мен мәдениетін жаңғырту, әр ұлттың өзіндік ұлттық нақыштарын өскелең ұрпаққа дәріптеу.

Фестиваль биылғы Жастар жылы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында ұйымдастырылды, сондықтан іс-шараға жастар жан-жақты, әрі белсенді түрде қатысып, жас суретшілер мен өнерпаздар өз жұмыстары мен шығармашылықтарын көпшілік назарына ұсынды.

Аталмыш фестиваль осымен төртінші рет өткізіліп отыр. Биылғы жиынға Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, Сәтбаев университеті Ректоры аппаратының басшысы Берік Мықтыбаев қонақ ретінде қатысты.

Представители Satbayev University приняли участие в этнофестивале «Великая степь – мир кочевников»

Фото шествия: instagram.com/uly_dala_koshpendiler_alemi
Жоғары

Қате кетті!

Жолдарды дұрыс толтыруға тырысыңыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Жақын арада біз Сізбен хабарласамыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Аудармасы жоқ


Басты парақшаға өту