Сәтбаев университетінің ректоры: ҒЗжТКЖ ең басты артықшылық болып қала береді
«Бұл академиялық жыл – Қазақстандағы ең үздік техникалық университет атанған жыл ретінде есімізде қалады, – деп атап өтті Сәтбаев университетінің ректоры Ескендір Бейсембетов университет қызметкерлерімен жыл сайынғы кездесу барысында.
Ендігі белгілі болғандай, биылғы жылы мамыр айында Білім беру сапасын қамтамасыз ететін қазақстандық тәуелсіз IQAA-Raiting агенттігі Қазақстан жоғары оқу орындарының 2019 жылғы сараптамасының нәтижесін жариялап, онда Сәтбаев университетін еліміздегі ең үздік техникалық жоғары оқу орны деп таныған болатын. 2018–2019 академиялық оқу жылы зерттеу университетінің моделін жаңарту үшін және оқу орнында білім беру сапасын дамыту механизмдерін нығайту мақсатында жаңару жылы болып саналады, деп атап өтті ректор. «Өткен жылы біздің университет ғылыми зерттеулердің көлемі бойынша Қазақстан университеттері арасында үздік атанған болатын, соның нәтижесінде бірінші орынға шығып отыр», деді ректор өз сөзінде. Ал соңғы 8 айдың нәтижесі бойынша университет 2018 жылдың көрсеткішінен де асып түсті.
Қазіргі таңда университет мамандары ҚР Білім және ғылым министрлігінің гранттық қаржыландыру және мақсаттық-бағдарламалық жобаларын іске асыра отырып, экономиканың нақты секторында ғылыми-зерттеулік және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың (НИОКР) жобаларын да жүзеге асырып келеді.
Мақсаттық-бағдарламалық қаржыландыру бағыты бойынша университет ғылыми-зерттеу институттарымен бірлесе отырып, 2018–2020 жылдар арасында 11 ғылыми жобаны, ал гранттық қаржыландыру бағыты бойынша 94 жобаны орындамақшы екенін айтып өтті. Сондай-ақ Ескендір Бейсембетов университет пен өнеркәсіп орындарының бірлесе отырып құрған ғылыми-өндіріс құрылымдарының жетістіктерін де атап өтті. «Университеттің стратегиялық мақсаты – ҚР Білім және ғылым министрлігінің гранттық қаржыландыру және мақсаттық-бағдарламалық жобаларын іске асыруда алдыңғы қатарда бола отырып, шетелдік инжинирингтік ұйымдар арасында бәсекеге қабілетті жоғары оқу орны атану. Оның алғашқы нәтижелеріне қазірдің өзінде қол жеткізіп отырмыз. 2019 жылдың өткен 8 айында өнеркәсіп орындарымен ғылыми-зерттеулік және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жөнінде жасалған тікелей келісімшарт көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 31 пайызға артып отыр», – деді Е. Бейсембетов. «Ғылыми-зерттеулік инфрақұрылымға көбірек көңіл бөлу керек. Өйткені тау-кен-металлургия кешенінің саласы бойынша ғылыми-зерттеулік және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жаңарту мақсатында «ТауКен-Самұрық» компаниясымен бірлесе отырып, Алматы қаласында ғылыми-зерттеу орталығын ашу жөнінде келісімшарт жасалды. Бұл жобаны қазір «Самұрық-Қазына» қоры қарастырып жатыр», – деді ректор.
Білім беру сапасын жақсарту мақсатында университеттегі оқытушылар құрамының кәсіби біліктілігіне, білім беру бағдарламаларының қазіргі заманғы индустрия талаптарына сай келуіне және студенттер құрамының жалпы сапасына баса назар аударылады. Университеттің барлық кафедралары ғылыми жұмыспен шұғылданатын профессорлармен және келешегі зор, жоғары білікті оқытушылармен толықтырылған. Биылғы магистранттар саны да былтырғыға қарағанда 30 пайызға артып, қазір 476 адамды құрап отыр. Ал докторантура бағдарламасы бойынша биыл 165 адам оқу түсті. Соңғы үш жылда докторанттар саны үш есе көбейді. Сөйте тұра, корпоративтік сектордың өз қызметкерлерін докторантура бағдарламасы бойынша оқытуға танытып отырған қызығушылықтары сол мерзім бойынша 10 есеге артып отыр.
Сонымен қатар университет биылғы жылдың қыркүйек айынан бастап Академиялық адалдық лигасының төрағасы болып сайланды. Бұл өз кезегінде академиялық әділетсіздік фактілеріне жол бермеуге мүмкіндік беретіні сөзсіз. «2018–2019 академиялық жылдарда оқу бағдарламаларын цифровизациялау үрдісінде айтарлықтай өзгерістер болғаны белгілі. Сондықтан да университеттің дәрежесінің өсуімен қатар біздің мамандардың да материалдық жағдайы арта түсетіні анық», – деп мәлімдеді өз сөзінде Ескендір Бейсембетов.
Қазақстандағы үздік техникалық жоғары оқу орнының ректоры өз сөзін қорытындылай келе, университеттің оқу-өндірістік базасын жандандыру жөніндегі жұмыстар жуық арада жалғасатын болады деп сендірді.