Сәтбаев университетінің «Шетел тілдері кафедрасында» Ұлыбританияның Сассекс университетінің (University of Sussex) профессорларымен бірге инклюзивті педагогика бойынша семинар өтті
2025 жылы 21 қазанда Сәтбаев университетінің «Шетел тілдері кафедрасы» Ұлыбританияның Сассекс университетінен (University of Sussex) келген Халықаралық істер жөніндегі проректорының орынбасары, профессор Саймон Томпсон және Білім беру басқармасының басшысы, қауымдастырылған профессор Кейт Перераны қабылдады. Профессор Саймон Томпсон - білім беру саласында 25 жылдан астам тәжірибесі бар, Ұлыбританиядағы беделді Ұлттық оқыту стипендиясының иегері. Ол Қытай, Жапония, Үндістан, Гана, Нигерия, Камбоджа және Орталық Азия елдерінде педагогикалық тренингтер өткізген тәжірибелі маман.
Кейт Перера - Ұлыбританиядағы мектеп басшылығы мен мұғалімдерді даярлау жүйесінде ұзақ жылдар еңбек еткен, стратегиялық көшбасшылық және медиа білім беру саласының сарапшысы. Ол Inspire Teaching School Alliance-тың директоры болып табылады және Ұлыбритания Білім министрлігімен әріптестікте бірнеше ұлттық жобаларды жүзеге асырған білікті маман. Көшбасшылық қабілеті үшін Specialist Leader of Education атағымен марапатталған.
Бұл сапар шетел тілі кафедрасының халықаралық ынтымақтастықты нығайту және педагогикалық шеберлікті арттыру бағытындағы стратегиялық мақсаттарының маңызды бөлігі болып табылады.
Делегацияны кафедра меңгерушісі А.О. Тұрлыбекова және қауымдастырылған профессор Б.Е. Бұқабаева бастап, университеттің Халықаралық ынтымақтастық кеңсесінде апарды. Департамент өкілдері қонақтарды жылы қабылдап, университеттің жаһандық серіктестері, халықаралық бағдарламалары мен академиялық ұтқырлық жобалары туралы таныстырды.
Сонымен қатар, қонақтар университет мұражайына барып, Қазақ КСР Ғылым академиясының алғашқы президенті, Орталық Азиядағы геология ғылымының негізін қалаушы Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың өмірі мен ғылыми мұрасымен танысты.
Сапар аясында «Шетел тілдері кафедрасының» профессорлық‑оқытушылар құрамы үшін “Does differentiation mean different? How can we adapt our teaching to encourage stretch, challenge and support for all our learners?” тақырыбында жоғары деңгейлі және интерактивті семинар өткізілді. Семинар барысында білім алушылардың әртүрлілігін ескере отырып, педагогикалық тәжірибені жетілдіру, инклюзивті оқытуды дамыту және заманауи білім беру талаптарына бейімделу жолдары жан‑жақты талқыланды. Кафедраның профессорлық‑оқытушылар құрамы семинарға белсенді қатысып, өз пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.
Сассекс университетінен келген делегацияның сапары шетел тілдері кафедрасының қауымдастырылған профессоры Гүлназира Жәлілқызы Нұрбекованың белсенді қолдауымен сәтті ұйымдастырылды. 2024 жылғы 1 қыркүйектен 2025 жылғы 31 тамызға дейін Нұрбекова Г.Ж. «Болашақ» халықаралық стипендиялық бағдарламасының («500 ғалым») аясында Сассекс университетінде ғылыми тағылымдамадан өтті.



