Сәтбаев университетінің студенті ҚР Тұңғыш Президенті қорының шәкіртақысына ие болды
26 қыркүйек күні Алматы қаласында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының шәкіртақысын салтанатты түрде тапсыру рәсімі өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінде жақсы оқу үлгерімі мен қоғамдық және ғылыми-зерттеу жұмыстарымен белсене айналысқан 80 студент осы оқу жылы бойы аталмыш шәкіртақыны алатын болады. Бұл іс-шараның басты мақсаты – жоғары және орта арнайы білім беретін оқу орындарының белсенділік пен жақсы оқу үлгерімін танытқан студенттерін мадақтау.
Осы белсенді студенттер арасында Сәтбаев университеті Химиялық және биохимиялық технологиялар институтының 4-курс студенті Айзада Мырзагелді бар. Бұл – Айзаданың бүкіл оқу курсы бойына көрсеткен қажымас еңбегі жемісі.
Бірінші курстан бастап Айзада өзін өте қабілетті, ынталы, әрі жауапкершілігі мол студент ретінде көрсете білді, қашан да өз білімін арттыруға тырысып, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен шұғылданды және әртүрлі ғылыми жобаларға, конференцияларға қатысып, үнемі жүлделі орындарға ие болды. Атап айтқанда, академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Польшада Bialystok Technological University-де оқыған жылдары ағылшын тілін жетік үйреніп, Upper Intermediate дәрежесіне дейін көтерілді.
«Бұл жеңісім – әрине, мен үшін, менік оқытушыларым мен ғылыми жетекшім үшін үлкен қуаныш. Ол жаңа жетістіктерге жол ашады. Дәл қазір маған ең маңыздысы – өз білімімді одан әрі толықтырып, кәсіби біліктілігімді жетілдіру әрі жаңа шыңдарды бағындыру. Болашақта мұнай химиясы саласында жоғары білікті инженер-химик немесе химик-технолог боламын деп ойлаймын. Сол үшін университет маған көп мүмкіншіліктер беріп отырғанына өте қуаныштымын, – деді Айзада салтанатты іс-шарада сөйлеген сөзінде.
Біз Айзаданы қуанышымен құттықтап, оған жаңа табыстар тілейміз!