Сәтбаев университетінің студенті – олимпиада жеңімпазы
Үстіміздегі жылы 17–19 наурыз күндері Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде техникалық жоғары оқу орындары арасында ағылшын тілінен олимпиада өтті. Бұл университеттің қабырғасында өту себебі – ХАТИ былтырғы жылы осы олимпиаданың жеңімпазы атанған болатын. Өзінің білім деңгейі мен қабілетін көрсеткісі келетін кез келген студент бұл олимпиадаға қатысуға құқылы. Сондай студенттердің бірі – Сәтбаев университетінің студенті Сәуле Увакова олимпиада жеңімпазы атанды.
«Мен өзімнің білім деңгейіне көзім жеткендіктен, әрі өз-өзіме сенімді болғандықтан, осы олимпиадаға қатысуды ұйғардым. Оған әр университеттен 5 адамнан – 25 студент қатыстық. Олимпиада IELTS форматында өтті, сондықтан да біз бірінші бөлімде ағылшын тілінде оқу тәжірибеміз бен есту қабілетімізді ортаға салдық. Екінші кезеңге небары 10 адам өттік. Жарыстың ең соңында бізге өте қиын тапсырма берілді, ал оны орындауға бір-ақ минут уақыт бөлінді. Тапсырманы орындағаннан кейін оны 5 адамнан тұратын әділ қазылар алқасына өткізіп, өз білім деңгейімізді көрсетуіміз керек еді.
Меніңше, олимпиадаға қатысушылардың барлығының да білім деңгейі өте жоғары болды. Біз жарыстың қорытындысы мен марапаттау рәсімін күтіп жүріп, бір-бірімізбен жақынырақ танысып алдық. Мен өз университетімнің абыройын қорғап, осы олимпиадаға қатысқаныма өте разымын. Әсіресе бірінші орын алғаныма өте қуаныштымын. Сол себептен де ендігі келесі олимпиада біздің университетте өтетін болады!» – деп Сәуле өз қуанышымен бөлісті.