Сәтбаев университетінің студенттері энергиялық тиімді автомобиль жасап шығарды
Сәтбаев университетінің студенттік Racing Team командасы авто-мотожарыстарға арнап жасап шығарған жаңа автомобиль халықаралық EcoMarathon_Shell марафонында көпшілік назарына ұсынылатын болады. Бұл аталмыш марафон 1939 жылдан бастап Детройт, Лондон, Сингапур, Рио-де-Жанейро қалаларында өткізіліп келеді. Марафонның мақсаты – оған қатыстырылатын автомобиль 1 литр жанармаймен ең көп шақырым жерді жүріп өтуі тиіс. Марафонның соңғы рекорды – 3,836 км.
Б иылғы марафон 2019 жылы 28 сәуірден бастап, 02 мамырға дейін Куала-Лумпур (Малайзия) қаласында өтеді.
– Бәріңізге белгілі, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев биылғы жылды – Жастар жылы деп белгіледі. Сәтбаев университетінің студенттік Racing Team командасы дәл осы жылы халықаралық әйгілі жарыста Қазақстанның абыройын қорғайтынын өзіне үлкен мәртебе санайды. Қазақстанда талантты жастар бар екенін біз дүние жүзіне дәлелдегіміз келеді, – деп атап өтті жобаның жетекшісі Әлібек Ибраим.
Айта кетейік, Сәтбаев университетінің студенттік командасы бұл халықаралық жарысқа әртүрлі елдерден жиналған 100 команданың бірі ретінде осымен екінші рет қатысып отыр. Олардың қаржылық демеушісі – «Шелл Қазақстан» компаниясы.
Ал EcoMarathon Shell – Азия-Тынық мұхит және Таяу Шығыс елдерінің студенттік командалары арасында халықаралық Shell концерні жыл сайын өткізетін жарыс. Мұнда әртүрлі елдерден жиналған талантты жастарға өздері ойлап тапқан инновациялық автомобильдерін халықаралық аренада көпшілік назарына ұсынуға және ол туындылары «ең тиімді әрі энергия үнемдегіш автокөлік» атануына мүмкіндік бар.
Сәтбаев университетінің студенттік Racing Team командасы осымен екінші рет аталмыш жарысқа арнайы автомобиль жобасын ұсынып отыр.