Сәтбаев университетінің студенттері Францияда оқуға арналған стипендия жөніндегі семинарға қатысты

Сәтбаев университетінде 4-курс студенттері, магистранттар мен докторанттар Францияның Қазақстандағы Елшілігі өкілдерімен кездесу өткізді, бұл кездесу Франция елшілігінің MOPGA және «Абай-Верн» стипендиялық бағдарламаларына арналды. Университет пен мәдени ынтымақтастық жөніндегі уәкілі Назерке Мұхтарқызы және Campus France үйлестірушісі Мерей Данаева Францияда магистратура мен докторантурада оқу үшін берілетін гранттардың шарттары туралы егжей-тегжейлі айтып, құжаттарды дұрыс тапсыру бойынша пайдалы кеңес берді.
Бұдан кейін Сәтбаев университетінің Лотарингия университетінде (Франция) «Абай-Верн» бағдарламасы бойынша білім алып жүрген магистранты Қайсар Рахатұлы онлайн режимде сөз сөйледі. Ол өз оқу тәжірибесімен бөлісіп, студенттердің сұрақтарына жауап берді. Кездесу бейресми жағдайда өтті, қатысушылар өз сұрақтарын еркін түрде қойып, Францияда оқу туралы тікелей жауап алды.