Сәтбаев университетінің TEBS бизнес-мектебі базасында Кәсіпкерлік орталығы ашылды

Бүгін Сәтбаев университетінің Technical and Executive Business School (TEBS) – қазақстандық бизнес үшін көшбасшыларды даярлауға бағытталған заманауи бизнес-мектеп базасында Кәсіпкерлік орталығы ашылып, ол өз жұмысын бастады.
Орталықты университет ректоры Мейрам Бегентаев, «Халық банктің» басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова салтанатты түрде ашты, оған сондай-ақ Women in Business әйелдер кәсіпкерлігі кеңесінің мүшелері де қатысты.
Жаңа Кәсіпкерлік орталығы кәсіпкерлік бастамаларды дамыту, тәжірибе алмасу және бизнесті басқару саласындағы инновациялық тәсілдерді ілгерілету алаңына айналады. Мұнда әсіресе әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға, әйелдердің экономикадағы рөлін арттыруға және олардың ел дамуына белсенді түрде араласуына жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінеді.
Орталық TEBS бизнес-мектебінің білім беру бағдарламаларын, Сәтбаев университетінің жобаларды басқару саласындағы практикалық тәжірибесін және халықаралық бизнес-білім беру стандарттарын біріктіреді. Қазіргі басшылар мен кәсіпкерлер үшін бұл жобалық менеджменттің заманауи құралдарын меңгеруге, үздік тәжірибелерді өз компанияларына енгізуге және жаһандық талаптарға сай келетін тиімді бизнес-модельдер құруға мүмкіндік береді.
Өз миссиясының арқасында Кәсіпкерлік орталығы тек білім беру кеңістігі ғана емес, сонымен қатар нетворкинг пен жаңа іскерлік байланыстар орнату алаңына айналып, Қазақстанда тұрақты бизнес экожүйесінің қалыптасуына ықпал етеді.