Сәтбаев Университетінің жас сейсмолог ғалымдары Жапонияда қысқа мерзімді тағылымдамадан өтуде
Жапония халықаралық ынтымақтастық агенттігінің (JICA) шақыруымен 2024 жылғы 8 қаңтар мен 2 наурыз аралығында «Геофизика және сейсмология» кафедрасының докторанты Ассем Иссағали мен PhD докторы Абылай Өзбеков Жапонияның Халықаралық сейсмология және сейсмикалық инженерия институтында (IISEE) «Жаһандық сейсмологиялық бақылау» бағдарламасы бойынша тағылымдамадан өтуде. Біздің жас ғалымдарды ҚР Геофизикалық зерттеулер институты оқуға жіберіп отыр.
Курс Жапонияның Цукуба қаласында өтуде. Жас ғалымдар сейсмологияның базалық негіздері мен сейсмикалық белсенділікті бақылау әдістері туралы тереңдете білім алады және жаһандық сейсмологиялық бақылаудың озық әдістері туралы білімдерін жетілдіреді.
«Жаһандық сейсмологиялық бақылау» (Clobal Seismological Obsevation) бағдарламасы 1995 жылы Жапонияның Сыртқы істер министрлігінің бастамасымен IISEE мен Жапония халықаралық ынтымақтастық агенттігі (JICA) бірлесіп, Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы халықаралық шарттың сақталуын бақылау мақсатында Халықаралық мониторинг жүйесін (ХБЖ) құруға Жапонияның қосқан үлесі ретінде жаһандық сейсмологиялық бақылаулар бойынша оқыту курсын бастаған кезде құрылды.
IISEE сейсмикалық бақылауларды пайдалана отырып, жапон оқытушыларының көмегімен ядролық сынақтарды анықтауға қажетті дағдыларды игеретін, сондай-ақ Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы халықаралық шартты Халықаралық мониторинг жүйесін (ХМЖ) пайдалана отырып қолдау аясында ядролық сынақтарды анықтау үшін қажетті деректерді талдау әдістерін меңгеретін адам ресурстарын, мамандарды дамытуға үлкен күш салуда.
Бағдарлама әртүрлі елдердің өкілдері үшін ашық. Біздің жас ғалымдарымызбен бірге Орталық Азия елдерінің, Египет, Непал, Конго Республикасы, Таиландтың мемлекеттік органдардың өкілдері білім алуда.
Жас ғалымдарымыздың айтуынша, бұл бағдарлама арқылы оқу олардың сейсмология саласындағы білімдерін жетілдіріп қана қоймайды, сонымен қатар халықаралық байланыс пен ынтымақтастық тәжірибесін де байытады. Өйткені Жапония әртүрлі елдердегі әріптестерімен білім және тәжірибе алмасу үшін ең тамаша платформа ұсынады.
Цукубада болу көптеген әсер мен эмоциялар қалдырады. Жапонияның өзі – басқа бір әлем секілді. Олардың өмірге деген көзқарастары өте ерекше. Жапон халқы басқаға көмектесуге әрдайым дайын тұрады және ол үшін өздері қуанады», – дейді бағдарламаға қатысушылардың бірі.
Оқудан тыс уақытта біздің жас ғалымдар Жапонияның тарихы мен мәдени мұрасы, инновациялық көлік жүйелері, нейрондық желілер, жасанды интеллект пен цифрлық шешімдер үйлесім тапқан бай мәдениетімен, дәстүрлерімен және технологияларымен танысады. Жапония өзінің дәстүрлі қолөнері мен әртүрлі рәсімдерін сақтай отырып, заманауи технологияны өмірдің әртүрлі салаларына сәтті түрде енгізуде.