Сәтбаев университетінің жобасы мүмкіндігі шектеулі жандарға өмірге жолдама береді
Қазақстандағы ежелгі техникалық жоғары оқу орны алғаш рет инклюзивті білім беру жөніндегі жобаны республика көлемінде алға тартып отыр. Жобаның мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жандарға жоғары білім алу үшін жағдай жасау, сөйтіп олардың толық мәнді өмір сүруіне мүмкіндік беру.
Қазақстанда денсаулығы жағынан мүмкіндігі шектеулі жандардың саны күннен-күнге артып, қазір халықтың жалпы саны бойынша алғанда 3,7%-ды құрап отыр. Ал мүмкіндігі шектеулі балалардың саны 4 жылда (2011–2015) 20%-ға өскен. Қазақстан бойынша тұтас алғанда 88 000 мүмкіндігі шектеулі бала бар, солардың ішінде 0,3–0,5% ғана жоғары білім алады екен. Ол небары 385 студент. Мұндай балалардың көпшілігі әлеуметтік жағынан қамтамасыз етілмеген, білімдері жоқ, жұмыс істей алмайды. Сондықтан да жоғары білім алуға тіпті талпынбайды да.
Елдегі осы жағдай тұрғысында «Жігер» мүгедек жастар ұйымының жетекшісі Фархат Юсупжанов былай деді:
– Мұндай балалардың көпшілігіне оқуға түсіп, жоғары білім алу – қол жетпейтін арман сияқты көрінеді. Өйткені оқуға түскен кезде олар көптеген қиыншылықтарға тап болады. Мысалы, көзі көрмейтін соқыр адам емтихан тапсыру үшін, оған билетте жазылған тапсырмаларды оқып беруге қасында міндетті түрде кәсіби көмекшісі болуы керек. Немесе құлағы естімейтін саңырау адам ағылшын тілінен аудиоемтиханды қалайша тапсыруы керек? Міне, осындай түсініксіз жағдайлар толып жатыр.
Тіпті оқуға түскен күннің өзінде олар әрі қарай қалай оқиды: ондай студенттер үшін арнайы инфрақұрылым жасалмаған, дайын оқытушылар да, оқулықтар да жоқ. Мүгедектер аудиторияға жетіп, қажет ақпаратты алғанша талай уақыттарын жоғалтады. Оқытушылар да өз тараптарынан оларға ешқандай көмек көрсете алмайды, бар болғаны – тиісті бағасын қойып береді. Сөйтіп, студент шәкіртақыдан қағылмас үшін амалсыз оқыған болады. Бұдан кейін онда қандай білім болсын?! Әрине, кейін оқуын бітірген соң, ол дұрыс жұмысқа тұрып, еңбек ете алмайды.
Жоба идеясы қалай туды?
Осы мәселелерді шешу үшін Сәтбаев университеті инклюзивті білім беру жобасын іске асыруды жөн көріп отыр. Бұл жоба мүмкіндігі шектеулі жандарға жоғары білім алуға жол ашады.
Сәтбаев университетінің Маркетинг және коммуникациялар департаменті директорының орынбасары Айгерім Қалиасқарқызы былай дейді:
– Мен «Яндекс-такси» қызметін көп қолданамын. Бір байқағаным – таксиді көбінесе құлағы нашар еститін адамдар жүргізеді. Сонда қайда бару керек, қалай жүру керек дегенді оларға қалайша түсіндіруге болады деген мәселе өз-өзінен туындайды. Мен сонда ойладым: мүмкіндігі шектеулі жандар неге біздің айтқанымызбен жүрулері керек, ал біз олар үшін неге ештеңе жасамаймыз? Неге біздің университеттерде инклюзивті оқыту әдісі қалыптаспаған деп ойладым.
Осы мәселені тереңірек зерттей келе, инклюзивті білім беру әдісін енгізу үшін Қазақстан университеттерінде ресурстар да, кәсіби мамандар да тапшы екендігіне көз жеткіздім. Ал бұл мәселе бүгінгі таңда өз-өзінен сұранып тұр. Сондықтан да бар жауапкершілікті өз мойнымызға жүктеп, осы жобаны іске асыруды қолға алдық, ол үшін біздің біліміміз жетеді, әрі бизнес-командамыз да мықты.
Әлеуметтік жікке қарамастан халықтың бәрі жоғары білім алуға құқылы. Ал инклюзивті білім беру – ерекше күтімді қажет ететін балаларға жоғары білім алу үшін таптырмайтын мүмкіндік.
Қазақстандық Стивен Хокинг пайда болуы мүмкін бе?
Үстіміздегі жылы қыркүйек айының ортасында әлемге әйгілі оратор Ник Вуйчич Алматы қаласына келіп, «Шекарасыз өмір» атты шеберлік сағатын өткізеді. Қол-аяғы жоқ мүгедек Ник дүние жүзін шарлап, миллиондаған мүгедек жандарға үміт отын сыйлап келеді. Алайда оның қарапайым мектепте оқып, Брисбендегі Гриффит университетін бітіріп, коммерция бакалавры бойынша қос дәрежені бір-ақ алып шыққанын екінің бірі біле бермейді.
1990 жылдардың басында Виктория штатында мүгедектер туралы жаңа заң қабылданған болатын. Оның мәні – мүгедектерге қоғамдық орындар мен мемлекеттік қызметтер түрлерін еркін түрде қолдануға мүмкіндік беруді мемлекет тарапынан қамтамасыз ету. Дәл осы заң Никтің жоғары оқу орнына түсуіне жол ашты.
Осы заң қабылданғаннан кейін Америка мен Австралия елдерінде күрт өзгерістер орын алды. Бұл елдегі мүгедек жандар енді тек киноға барып, қоғамдық орындарда серуендеп қана қоймай, ел қатарлы еңбек етіп, қоғамға өз пайдаларын келтіруге толық мүмкіндік алды.
– Біз үшін бұл жобаның маңызы өте зор. Ник Вуйчич мектепте оқып жүрген кезінде алғаш рет спикер болып, кейіннен бүкіл әлемге танымал оратор атанды. Біз де мүмкіндігі шектеулі жандарға жоғары білім алу үшін жол ашып, оларға үлкен өмірге жолдама бергіміз келеді. Сөйтіп олар Қазақстан экономикасының дамуына аз да болса өз үлестерін қосады деген үміттеміз, – деді өз сөзінде Сәтбаев университеті ректоры аппаратының басшысы Берік Мықтыбаев.
Инклюзивті білім берудің әлемдік тәжірибесі
Қазақстанда денсаулығы жағынан мүмкіндігі шектеулі балалар осы уақытқа дейін толық дамымаған балалар категориясына жатқызылып келді. Олар: соқыр және саңырау, ДЦП, аутизммен ауыратын балалар. Ата-аналары мұндай балаларды арнайы мектеп-интернатқа өткізеді де, жоғары білім туралы әңгіме олар үшін жабық тақырып болып келді. Алайда ондай балалардың физикалық мүмкіндігі шектеулі болғанымен, олардың ой-санасы толық емес пе! Олар да небір қиын тапсырмаларды орындап, ғылым мен техниканың дамуына өз үлестерін қоса алады ғой.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, мүмкіндігі шектеулі жандардың шығармашылық потенциалы өте күшті дамыған. Американы Ұлы дағдарыстан және Екінші дүние жүзілік соғыстан аман алып шыққан атақты президент Франклин Рузвельт өмірінің үштен бір бөлігін мүгедек болып өткізгені белгілі. ХХ ғасырдың атақты физигі, ағылшындық Стивен Хокинг склероз ауруымен ауырып, не сөйлей алмаған, не қимылдай алмаған. Нобель сыйлығының лауреаты Джон Корнфорт 16 жасында саңырау болып қалған. Ал импульстік рентгенографияның негізін қалаушы, кеңестік физик Вениамин Цукерман соқыр болған.
«Инклюзивтік қоғам – нағыз мықты қоғам, өйткені онда барша қоғам әркімнің жеке таланты мен сол қоғамға қосқан үлесіне сүйенеді», – деп атап өткен болатын АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Джон Керри. Қазіргі кезде АҚШ, Австралия, Жапония, Сингапур секілді алпауыт елдер мүмкіндігі шектеулі жандарға жоғары білім алу үшін жол аша отырып, ондай жандардың жоғары потенциалын өз экономикасының дамуына қолданып отыр. Сондай тиімділікті пайдалануға Қазақстанда да мүмкіндік бар.
Жағдайды өзгертетін жоба
Еліміздегі бір университетте инклюзивті білім беру әдісін енгізу жобасы жағдайды күрт өзгертетіні сөзсіз. Осы миссияны қолға алуға Сәтбаев университеті дайын отыр. Бүгінгі таңда университет осы мәселені шешу үшін қаржылық көмек көрсететін бизнес өкілдерін іздеуде. Келесі оқу жылында олар есту, көру, жүру және денсаулығы жағынан басқа да шектеулігі бар жандарға өз есігін ашпақшы.
– Сәтбаев университеті – ұлттық жоғары оқу орны болып табылады. Біз мүмкіндігі шектеулі жандарға жоғары білім алуына жол ашып, олар да кейіннен ел қатарлы еңбек етіп, инженер немесе белгілі ғалым атана алатындарын дәлелдегіміз келеді. Өкінішке орай, бұл жобаны іске асыруға университет бюджеті көтермейді, сондықтан да біз осы жауапкершілігі мен мейірімі мол адал іске қаржылық көмек көрсете алатын серіктестерді іздестіріп отырмыз, – деп атап өтті Берік Мықтыбаев.
Осы жоба аясында университет инфрақұрылымды өзгертіп, жаңа дизайн жасауға, кейіннен ІТ-технологияларды қолдана отырып, академиялық үдерістерді білім беру барысында бейімдеуге дайын отыр. Сондай-ақ университет оқу материалдары мен инфрақұрылымдық элементтер стандарттарын, мүмкіндігі шектеулі жандарға жоғары білім беру үшін оқытушылар мен психолог мамандарды даярлау әдістемесін енгізуді жоспарлап отыр.
– Әрине, инфрақұрылымды өзгерту, пандус орнату, дәліздің жолдарын тегістеу, Брайль шрифтімен жазылған тақтайшалар орнату оңай. Ең қиыны – академиялық үдерістерді өзгерту, арнайы мамандар даярлау, мүгедектер үшін оқу материалдарын шығару. Ол үшін біз қазірден бастап орталық ашып, онда қажетті материалдарды Брайль шрифтімен басып шығаруға, халықтың ойымен бөлісіп, кеңестерін алуға дайынбыз, – дейді Айгерім Қалиасқарқызы.
Аталмыш жобаны іске қосып, оның нәтижесін саралай келе, келешекте Сәтбаев университеті жобаның барлық кезеңдерін қамтитын кешендік шешім жасауды жоспарлап отыр. Оның әлеуметтік және экономикалық тиімді жақтарын Қазақстанның басқа да жоғары оқу орындарына тегін түрде ұсынуға дайын.
Мүгедек балаларды жоғары оқу орнына түсуге тартып, оларға жоғары білім қажет екенін түсіндіруге арналған маркетингтік жоспарға университет ерекше көңіл бөлмекші. Ал жобаның тиімділігін арттыру және студенттерді дұрыс баули білу жөніндегі білім аталмыш жобаның ең негізгі бөлімдерінің бірі болып саналады.
– Мүмкіндігі шектеулі жандар өмірде өз орындарын тауып, өз таланттарын іске асыра алса дегім келеді. Мемлекеттің олар үшін жұмсаған қаржысы текке кетпей, еліміздің қарыштап дамуына жоғары білікті кәсіби маман ретінде олар да өз үлестерін қоса алса дегім келеді. Ол үшін осы жоба көмектеседі деген үміттемін, – дейді Фархат Юсупжанов