Satbayev University «Ізгілік елшісі» жобасын қолдайды
2019 жылдың 31 қазанында университетте Ректор аппаратының басшысы, Satbayev University «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің жетекшісі Мықтыбаев Берік Хамитұлының қатысуымен «Satbayev University «Ізгілік елшісі» жобасын қолдайды» атты кездесу өтті. Іс-шара қонақтары – Алматы қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және парасаттылық басқармасының басшысы Игіліков Елнар Тоқтабайұлы және Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Сорбонна-Қазақстан институтының директоры, «Ізгілік елшісі» жобасының үйлестірушісі Сәбитова Айнұр Сәлімханқызы. Кездесуге «Ізгілік елшісі» жалпы ұлттық жобасына қызығушылық танытып, өз еркілерімен игі іске ат салысатын профессор-оқытушылар құрамы, қызметкерлер және студент-жастар қатысты.
«Ізгілік елшісі» – студенттерден құралған еріктілер тобы кіретін, азаматтық қоғамның белсенділігін арттыруға, жастарды еріктілікке тартуға көмектесетін жоба.
Жобаның мақсаты – адамгершілік пен жанашырлықты дамыту, жас ұрпақты сыйластыққа, жауапкершілікке, адалдыққа тәрбиелеу.
Университет басшылығы «Ізгілік елшісі» жалпы ұлттық жобасын қолдап, университет бойынша жобаның жетекшісі ретінде Ректор аппаратының басшысы Мықтыбаев Берік Хамитұлын және үйлестірушісі ретінде Студенттік мәселелер жөніндегі департамент директорының орынбасары Есбосынова Айгерім Бақдәулетқызын тағайындады.
Кездесу барысында аталған жоба таныстырылып, даму бағыттары түсіндірілді. Сонымен қатар университетіміздегі Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын іске асыру бойынша «Асыл қазына» жобасы аясында өткізілген «Жылы жүрекпен жақсы іс» және «Бір жылда бір мектеп және бір отбасы» акциялары туралы баяндама жасалды.
«Ізгілік елшісі» жобасының үйлестірушісі Сәбитова А.С. Satbayev University іске асырып жатқан әлеуметтік және қайырымдылық шараларға тәнті болып, жобаны ұйымдастырушыларға және еріктілерге мұқтаж жандарға көмек көрсеткені үшін алғыс айтып, izgi.kz сайтында тіркеліп, осындай игі істерді бірлесе атқаруға шақырды.
Естеріңізге сала кетсек, Алматы облысы, Іле ауданы, Жәпек батыр ауылы №4 орта мектебінің 9 отбасы (43 бала мен ата-аналары) және Чапай ауылы №45 орта мектебінің 9 отбасы (34 бала мен ата-аналары) азық-түлік, киім және аяқ киім мен тұрмысқа қажетті заттармен қамтамасыз етілді. «Бір жылда бір мектеп және бір отбасы» акциясы бойынша Satbayev University «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің көмегімен демеушілерді тарту арқылы аз қамтылған Аманшаевтар отбасына жер сыйға тартылып, үш бөлмелі үй тұрғызылды.
Мейірімділік – ізгіліктің жолы. Мейірімділік әр жүректе бар, тек соны оятсақ болғаны демекші, «Ізгілік елшісі» жобасына қатысу арқылы өз игі ісімізбен өзгенің мейірімділігінің оянуына себепші болайық. Сен де бір кірпіш дүниеге кетігін тап та, бар қалан...