Satbayev University-нің инженерлері тамаша жарыс машинасын ойлап шығарды
Сәтбаев университетінің SU Racing Team студенттік командасы көпшілік назарына өздері ойлап тапқан iSU Prototype 1.0. автомобилін (болид) ұсынды. Прототиптің ерекшелігі – ол экологиялық тұрғыда ең таза жанармай болып табылатын этанолды қолданады. Этанол қант құрағын, жүгеріні және қызылшаны өңдеу арқылы алынады. Ал болидтің тамаша етіп құрастырылған қозғалтқышы 1 литр этанолмен 200 км жол жүруге мүмкіндік береді.
Болидті Сәтбаев университетінің ынталы студенттері 3 айдың ішінде құрастырып шығарды. Оның моторы Honda af55e автокөлігі қозғалтқышының негізінде жасалған. Десе де, әрбір құралды қажетінше жеке-жеке таңдап алуға тура келді. Мотордың қаңқасы арнайы дюралюминий тұрбалардан жасалған. Жүргізуші отыратын орын поликарбонаттан жасалған әйнекпен қоршалған, ал қаңқасы пластикалы әйнектен жасалған.
Прототип жыл сайын арнайы өткізілетін халықаралық жарысқа қатысу үшін әдейі жасалған. Жарыстың мақсаты – үнемі жаңа жеңімпаздар мен жаңа жанармайларды анықтай отырып, оларды алғашқы сынақтан өткізу. Әрине, қай машина 1 литр жанармаймен ең көп шақырым жол жүрсе, сол жеңімпаз атанады. Бұл жарыс дүние жүзінде 1939 жылдан бастап Детройт, Лондон, Рио-де-Жанейро қалаларында өткізіліп келеді. Оның биылғы бірінші туры 8–11 наурыз аралығында Сингапурда өтеді.
«Біздің мақсатымыз – Қазақстанда автомобиль жасау өндірісін дамыту. Әрі экологиялық тұрғыда ең таза жанармайлар көбірек қолданылса екен, соған көбірек назар аударылса екен дейміз. Оған куә тек біз жасап шығарған болид қана емес, сонымен қатар жақында ғана Астанада өткен ЕХРО көрмесі. Оның ең басты тақырыбы – келешекте тек экологиялық тұрғыда ең таза жанармай қолдану, яғни жасыл энергетика болғаны белгілі. Сондықтан да келешекте біз сол арманымызды іске асыруға бар күшімізді саламыз», – деді SU Racing Team студенттік командасының капитаны Әлібек Саматұлы.