Сәулет және құрылыс институтының директоры KazBuild Халықаралық көрмесіне қатысты
Үстіміздегі жылы 5 қыркүйек күні Т. Бәсенов атындағы Сәулет және құрылыс институтының директоры Болат Құспанғалиев KazBuild 26-шы Халықаралық құрылыс және интерьер көрмесі аясында өткен форумға қатысып, сөз сөйледі.
Өз сөзінде Болат Урайханович еліміздің экономикасын өркендету барысында құрылысшылар мен инженер-құрылысшылардың атқаратын ролі өте зор екендігін, олар экономиканың барлық салалары бойынша ірі-ірі нысандарды орнатушы негізгі күш екендігін атап өтті.
Еліміздің экономикасын өркендетуге қажетті архитектуралық қор жасау үшін кәсіби инженер-құрылысшылар керек екені белгілі. Биылғы жылы мемлекеттік білім беру гранты негізінде Сәтбаев университетінің «Құрылыс инженериясы» мамандығына 500 шақты талапкер оқуға түсті, оның ішінде 400-ден астамы бакалавриат, 50-ден астамы магистратураға түсіп отыр. Алайда соншама талапкерлерді оқуға қабылдағаннан кейін, енді оларға сапалы білім беру мәселесіне көп көңіл бөлу керек. Олардың келешекте кәсіби біліктілігі жоғары маман иесі болып шығуы қазіргі алған білімдерінің сапасы мен жинақталатын тәжірибелерінің тиімділігіне тікелей байланысты.
Бүгінгі таңда жұмыс беруші құрылыс компанияларының университет қабырғасынан енді ғана ұшып шыққан түлектерді жұмысқа қабылдауға аса ынтасы жоқ. Оның ең басты себептерінің бірі – түлектерде өндірістік тәжірибенің төмендігі. Өйткені осы саладағы өндіріс орындары студенттерді практикалық жұмыстарға қабылдамайды. Бұл құрылыс саласында бүгінгі таңда шешуін күтіп тұрған өзекті мәселелердің бірі болып саналады.
Міне, осы мәселені шешу үшін, баяндамашы тендер жеңімпаздарының келісімшартына міндеттеме енгізуді ұсынды. Келісімшарт бойынша мердігерлер болашақ құрылысшыларды өндірістік практикадан өткізу мақсатында өз кәсіпорындарына қабылдауы тиіс.
Екінші негізгі мәселе – оқу зертханаларын қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету. Бұл мәселені шешу үшін университетте көптеген жұмыстар жүргізіліп жатыр, атап айтқанда – компьютеризация, мультимедиалық кешендерді, интерактивті тақталарды орнату және т.б. Десек те, зертханалық базаны жаңарту қажеттігі заманға сай туындап отыр. Өкінішке орай, біздің зертханаларда өткен ғасырдың орта кезінде жарық көрген жабдықтар әлі де болса кездеседі. Сондықтан да бұл мәселені шешу үшін, университетке ҚР Құрылысшылар одағының көмегі ауадай қажет.
Сөз соңында баяндамашы жақсы нәтижелерге қол жеткізу үшін жоғары оқу орны, жұмыс берушілер, құрылыс саласындағы қоғамдық ұйымдар мен коммерциялық емес серіктестіктер жұмыла, бірлесе отырып еңбек етуі тиіс екенін, жастарды осы салаға көбірек баулу керек екенін атап өтті. Алда әлі шешімін таппай жатқан талай-талай мәселелер бар, оның бәріне қаржы мен уақыт керек.
Әрине, жоғары білікті мамандарды даярлау ісін жақсартуға кеткен шығындар айналып келгенде Қазақстанның тұтастай сәулет-құрылыс кешенін жаңғыртуға қосқан сүбелі үлесіміз болмақ.