Университет түлегі – Мәжіліс депутатымен кездесу
Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-да Елбасының кезекті Жолдауын талқылау мақсатымен ҚР Парламенті Мәжiлiсінің депутаты, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Дарын» жастар сыйлығының иегері, ҚазҰТЗУ-дың түлегі Бекболат Тілеуханмен кездесу өтті.
Аталмыш іс-шараға университеттің Ректоры аппараты басшысының орынбасары, философия ғылымдарының докторы, профессор Ұлықпан Сыдықов, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжiлiсінің депутаты Бекболат Тілеухан, «Нұр Отан» партиясы Алматы қаласы филиалы төрағасының орынбасары Қайын-Мұнар Тәбеев, «Нұр Отан» партиясының өкілдері мен университетіміздің ұстаздары мен студенттері қатысты.
Алдымен сөз алған Ұлықпан Есілханұлы Елбасы Жолдауының бүгінгі күндегі маңызы мен болашаққа бастар тарихи құжат екенін баса айтып өтті. Одан әрі Ұлықпан мырза сөз кезегін Университет түлегі, бүгінде елімізге танымал тұлғаға айналған Бекболат Тілеуханға берді. Бекболат Тілеухан Елбасы Жолдауы туралы, оның бүгінгі күндегі маңыздылығына тоқталды.
«Елбасымыз Жолдауында бес басымдылықты баса айтып өтті. Алғашқысы экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы жайлы. Бизнес ортаны түбегейлі жақсарту, оны кеңейту екінші басымдылықта сөз болды. Өздеріңіз білесіздер, макроэкономикалық тұрақтылық мемлекет үшін өте маңызды. Ол үшінші басымдылықта айтылады. Адами капитал сапасын жақсартуды төртінші басымдылық ретінде ұсынды. Бесінші басымдылық институционалдық өзгерістерге, қауіпсіздікке, сыбайлас жемқорлықпен күреске қатысты айтылды», – деп Бекболат Қанайұлы.
Студенттер атынан Университеттегі «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы, Ө.Байқоңыров атындағы Тау-кен металлургия институтының 3-курс студенті Бекнұр Жәкен сөз сөйлеп, Жолдау туралы өз ойын білдірді.
Кездесу соңында студенттер ҚР Парламенті Мәжiлiсінің депутатына көкейлерінде жүрген сұрақтарды қойып, тұщымды жауап алды. Көпшіліктің сұрауымен әннен шашу шашып, кездесуге келгендердің көңілін бір көтеріп тастады. Аталған жиыннан көпшіліктің көкейіне түйгені көп болды. Ал Жолдаудың жарқын тұстары мен бағыт-бағдары одан ары айшықтала түсті.
ҚБД