Ақпарат:

Даниленко Александр Анатольевич

Даниленко Александр Анатольевич

«Инжинирингтік фирма «Oriental Co.Ltd» ЖШС-нің Бас директоры

calendar
Оқу жылдары: 1970-1975 жж.
cap
Мамандығы: "Минералды өңдеу"

Мен Қазақ политехникалық институтына, қазіргі Сәтбаев университетіне 1970 жылы түстім. Институтты таңдау үш факторға байланысты болды:

  • Зыряновск қаласы М.Горький атындағы орта мектепте физика, математика, химия пәндері бойынша алынған жақсы білім;
  • Минералды шикізатты өңдеудің технологиялық үдерістері туралы толық білім алуға деген ұмтылыс;
  • Менің арманымды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін Қазақ политехникалық институтының республика көлеміндегі ең жоғары мәртебесі.

Металлургия факультетінде «Пайдалы қазбаларды байыту» мамандығы бойынша оқыдым. Неліктен бұл мамандықты таңдадым? Балалық шағым шахталар мен түсті металлургия зауыттарында өтті. Менің әкем Зыряновск қорғасын зауытының бас механигі болатын, демалыс күндері зауыттың өндірістік бөлімшелерін аралағанда, мені үнемі өзімен бірге алып жүрді. Төртінші сыныпта мен шахтаға түстім, карьерлерде болдым, бірақ маған ең қатты ұнағаны кен байыту фабрикасы еді: ондағы сан алуан жабдықтар, жұмыс агрегаттары, пульпа ағындары керемет әсер ететін! Бірде маған жұмысшылар үш мойынтірек берді, мен олардан самокат жасап алдым, содан бері өмірімді зауытсыз елестете алмайтын болдым.

«Асыл металдар металлургиясы және оларды байыту» кафедрасының оқытушыларын жылы шыраймен еске аламын. Әсіресе «менің ұстазым» деп атайтын мұғалім – Илья Давидович Райвич, «гравитациялық байыту әдістері» пәні бойынша оқытушы, кейіннен кафедра меңгерушісі, техника ғылымдарының докторы болды. Ең байсалды адам, дарынды педагог, есімі бас әріптермен жазылатын ғалым. Өз-өзіне қаншалықты талапты болғанымен, ол студенттермен құдды бір әріптестері секілді сөйлесетін. Бұл бізге ерекше бір дем беріп, оқуға деген көзқарасымызды өзгертті, оқудың маңыздылығын сезіндік, әрі оқу үдерісінде оның бізге деген сенімін ақтауға тырыстық.

Бәрінен бұрын маған зауытта ұнады. Мен кенішімді зауытсыз елестете алмадым.

Екінші курстан бастап мен гравитациялық байыту зертханасында И.Д. Райвичтің басшылығы бойынша ғылыми қызметпен шұғылдана бастадым. Ірі түйіршікті кендерді байыту үшін ауа камералары тор көзді тәртіппен орналастырылған тұндыру машинасы жасалды. Ал 4–5-курстарда органикалық әйнектен осы машинаның қолданыстағы моделін жасаумен айналыстым. Дипломдық жұмысымды (тақырыбы «Иршинское кен орнында титан кенін байыту фабрикасы») қорғау кезінде бұл жоба емтихан комиссиясына ұсынылып, «өте жақсы» бағаланды. Мен технологиялық есептеулер жүргіздім, аппараттардың электрлік байланысының сызбасын жасадым, жабдықтарды есептеу мен таңдауды, зауыттың сызбаларын және түсіндірме жазбасын дайындадым. Арнайы міндет – ірі түйіршікті кендерді байыту үшін ауа камералары тор көзді тәртіппен орналастырылған тұндыру машинасының қолданыстағы моделін жасау болды.

Айта кету керек, сол тұндыру машинасы осы уақытқа дейін (қаншама жыл өтсе де...) оқу орнындағы гравитация зертханасында оқу құралы ретінде қолданылады.

Институтты бітірген кезде менің нақты бір арманым болды – Заполярьені бағындырып, Талнах байыту фабрикасының ауыр суспензиядағы кендерін жобалық көрсеткіштерге жақындатқым келді. Оған дейін бұл мәселемен Механобр институтының ғалымдары екі жыл бойы айналысқан еді, бірақ кенді бөлу үдерісінде ешқандай жақсы өзгеріс болған жоқ. Өзім басшылыққа тағайындалғаннан кейін арада екі жыл өткенде мен ауыр суспензиядағы тығыздығы 3,15 т/м3 болатын кенді тастан бөліп алуға мүмкіндік беретін жаңа шешім таптым. Сол кезде маған берілген «Норильск тау-кен металлургия комбинатының ең үздік жас маманы» деген құрметті атақ пен арнайы төсбелгі, диплом және 100 сом көлеміндегі сыйақы мен үшін ең жоғары сыйлық болды. Өндіріс орнындағы техникалық жаңашылдығым үшін 1977 жылы Норильск ТКМК-ның жас мамандарына арналған ғылыми-техникалық конференциясында (800-ге жуық баяндама оқылды) маған «Бірінші сыйлықтың лауреаты» деген құрметті атақ берілді.

ҚазПТИ қабырғасында алған білімім маған өзімді-өзім кәсіби тұрғыда тануыма негіз болды, алдыма қойған мақсатыма жетуге – минералды шикізатты байыту саласында жоғары білікті маман болуыма көмектесті. Қазір мен Халықаралық инженерлік академияның, ҚР ҰИА,  МАИН академигімін, КСРО Ғылым және инженерлік қоғамдар одағының 1-сыйлығының лауреатымын. 1993 жылдан бастап күні бүгінге дейін «Oriental Co.Ltd» инжинирингтік фирманың» бас директорымын, бұл фирма тау-кен металлургия өнеркәсібіндегі технологиялардың және қайта өңдеу кешендерінің жобаларын жасауға мамандандырылған.


ҚазПТИ-де алған білімім менің кәсіби тұрғыдан өзін-өзі жүзеге асырудың трамплині болды, мақсатыма жетуге көмектесті.

Өз қызметімдегі ең басты қасиеттерімнің бірі -  ең алдымен, мамандықты терең түсіне білу деп санаймын; алдыңғы қатарлы зерттеулер мен талдамаларға негізделген үздіксіз жетілу; табандылық және мақсатқа ұмтылыс – егер сіз жаңа технологияны немесе техникалық-технологиялық шешімдерді жасау стратегиясын анықтап алсаңыз, не оңға, не солға бірде-бір қадам жасамай, тек алға, жоспар толық орындалып, жеңіске жеткенге дейін тек қана алға жүруіңіз керек! Әрине, жұмыстың барлық кезеңдеріне толық жауапкершілік қажет. Бұл қасиеттердің бәрі ұзақ жылдар бойы жиналып келді, бірақ олардың негізі – Политехта өткен студенттік жылдары қаланды.

Қазіргі студенттерге айтарым: дәл қазір, оқу жылдарында осы қасиеттерді бойға дарыта білу керек. Шын айтам, достарым, бұл негізгі үш «кит», ең басты үш қағидат – еңбексүйгіштік, адалдық және жауапкершілік арқылы ғана ақталады. Бұған енді тіпті кәсіби қызмет шеңберінен тыс мәселелерді де қоса алғанда, барлық жағынан жоғары құзыретке жетуді; білімге деген құштарлық және оны халық пен ел игілігі үшін іске асыру мақсатын, ең бастысы – білімді, мәдениетті адам болу ниетіңізді қосыңыз. Оңай жол жоқ, әрине. Сонда да ақырын-ақырын алға ұмтылу керек. Қиындықтар мен кедергілерді жеңе білу керек!

Сәтбаев университеті – тәуелсіз Қазақстанның ғылымы мен экономикасын дамыту үшін қажетті жоғары білікті мамандар даярлайтын келешегі зор техникалық білім ордасы болып, әрқашан алдыңғы шепте бола берсін!

Қымбатты студенттер! Қ. И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ – Сәтбаев университетінің туын биік ұстап, абыройын асқақтата беріңіздер! Сіздердің алдарыңызда әлі талай-талай алынбаған асулар, терең білім көздері жатыр, соларды тәуелсіз еліміз – Қазақстан Республикасының игілігі үшін, қасиетті жерімізді гүлдендіру мақсатында ізгі ниетпен бағындыра беріңіздер!  

24 сәуір 2020 6433
Жоғары

Қате кетті!

Жолдарды дұрыс толтыруға тырысыңыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Жақын арада біз Сізбен хабарласамыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Аудармасы жоқ


Басты парақшаға өту