Қуандықов Балтабек Мұқанұлы
«Меридиан Петролеум» компаниясының Президенті
1966 жылы Маңғыстау өңірінде Өзен мен Жетібайдың ірі мұнай-газ кен орындары ашылды, Батыс Сібірде жаңа кен орындары ашылды. Сол кезде көптеген мектеп түлектері де және барлық жастар да мұнайшы, геолог болғысы келді. Мені де осындай ойлар қызықтырды. Сөйтіп 9–10-сыныпта оқып жүргенде (біз 11 сыныпты бітірдік) мен геолог боламын деп шештім. Ол кезде Қазақстанда мұнайшы-геологтарды тек ҚазПТИ-де ғана даярлайтын еді, сондықтан мен ел астанасы – Алматыдағы осы институтты таңдадым.
1966 жылы орта мектепті бітіріп, студент атандым. Мен үшін және менің көптеген достарым үшін астанада тұрып, оқу – үлкен арман болатын. Сол кездегі мақтаныш сезімім әлі күнге дейін есімде – алғашқы аңсаған арманыма қол жеткізу және соған қанағаттану (мен студентпін!). Оның үстіне бәрін білуге деген ұмтылыс: жаңа пәндердің оқу бағдарламаларын меңгеру, астанада өмір сүру шарттарын, студенттік өмірдің қызығы мен қиындықтарын түсіну, үлкен қаланың тарихымен және мәдениетімен танысу.
Институтқа қабылданған кезде «Геология, мұнай және газ кен орындарын барлау» мамандығы геологиялық барлау факультетінің құрамында болды. Бір жылдан кейін институтта мұнай факультеті жеке ашылды да, мұнайға қатысты барлық мамандықтар соған ауыстырылды. Сөйтіп, мен мұнай факультетінде оқыдым.
Бірақ мені геологиялық пәндер көбірек қызықтырды: геодезия, құрылымдық геология, тарихи геология, минералогия, шетелдер геологиясы, Қазақстандағы мұнай кен орындарының геологиясы және т.б. Біз үлкен ынтамен «ғылымды қазғылай бастадық», бұл жағдайда геология негіздерін, ең алдымен осы ғылымның негізінде не жатқанын түсінуіміз керек болды.
Студенттік кезді әлі күнге дейін ерекше бір ыстық сезіммен еске аламын...
Біздің көпшілігіміз ауылдан, алыс шетелдерден де келгендіктен, барлығымызға қаншалықты қиын болса да, геологияның осы негіздерін терең зерттей бастадық. Неліктен қиын? Өйткені Гурьев облысының (ол кезде Маңғыстау осы облыстың құрамына кірді) алыс аудандарынан келген студенттердің басым көпшілігі (мен өзім және басқа да мұнайшы геологтар туралы айтып отырмын) қазақ мектебін бітірген еді, ал институтта барлық пәндер тек орыс тілінде оқытылды. Сол кездегі уақыт талабы мен сұранысы солай болды.
Бізге геологияның «негіздерін», ғылымның барлық қыр-сырын шыдамдылықпен үйреткен Шлыгин Е.Д., Атрушкевич П.А., Авров П.Я., Анкинович Е.А., Шмаис И.И., Жолтаев Г.Ж., Лисагор К.А., Бакиров С.Б. сынды оқытушыларымды ерекше құрметпен атап өткім келеді. Институт туралы, студенттік бауырластық, бір-бірімізбен достық қарым-қатынасымыз, сонымен қатар біздің жаңа өміріміз туралы, әсем Алматымен танысу, алғашқы махаббат, өсіп ер жеткен жылдарымыз туралы жақсы да жарқын естеліктер менің де, достарымның да есінде күні бүгінгі дейін сақталып келеді. Студенттік кезді әлі күнге дейін ерекше бір ыстық сезіммен еске аламын...
Мен студенттік ғылыми-техникалық бөлімде ғылыми-зерттеу жұмыстарымен белсенді түрде айналыстым. Жетекшім «Маркстік-лениндік философия» кафедрасының оқытушысы Естемесова Жанбике Рахметуллақызы болды. Өзім дайындаған баяндамалардың біреуі есімде қалыпты (олар көп болып еді) – «Қазақстанның мұнай өнеркәсібінің қазіргі жағдайы және даму келешегі». Менің бұл жұмысым жоғары бағаланып, жарыста жүлделі орынға ие болды.
Институтты бітіргеннен кейін мен үздік студент ретінде өндіріс бағыты бойынша таңдау құқығына ие болдым да, әрине, өзімнің туған қалам - Гурьевті, ондағы «Қазмұнайгазбарлау» басқармасын таңдадым. Ол одақ көлеміндегі ең ірі геологиялық ұйымдардың бірі болып саналатын еді. Олар мені Кеңес Одағындағы ең терең ұңғыма бұрғыланатын Биікжал экспедициясына жіберді. Бұл ғылыми параметрлік ұңғыма болды, ол жерде бұрғылау жұмысында, жер қойнауын геологиялық және геофизикалық зерттеу тұрғысынан пайда болған барлық жаңа жағдайлар сыналды.
СГ-2 ұңғымасын тарту жұмысындағы ғылыми жетекшілерім геология саласына кеңінен танымал адамдар болды: Айзенштадт Г.-Э.А., Днепров В.С., Ганелина Р.А., Пинчук И.А., Колтыпин С.Н., Симаков С.Н., Балғымбаев М.Б. және т.б. Олардың ғылыми жұмыстарымен біз студенттік жылдарда танысқан едік. Ал іс жүзінде мен олардан жұмыс істеу әдісін: өзек пен қалдықтарды мұқият сипаттауды, каротажды диаграммаларды егжей-тегжейлі зерттеуді, сейсмикалық бөлімдерді мұқият қарастыруды үйрендім.
Политех бәрінен де жақсы. Сондықтан да университеттің даңқын асқақтатып, беделін жоғары көтеруге тырысыңдар!
Уақыт өте келе мен ғылыми пікірталастар мен конференцияларға қатыса бастадым. Дәл сол кезде менің геологиялық ғылымға деген терең құштарлығымның негіздері қаланды және ол күннен-күнге нығайып отырды деп ойлаймын. Кейіннен мен Мәскеудегі Бүкілодақтық геологиялық мұнай ғылыми-зерттеу институтында кандидаттық және докторлық диссертацияларды қорғаған кезде өзімнің алғашқы ғылыми ұстаздарым мен пір тұтқан оқытушыларымды әрдайым ризашылықпен еске алып отырдым. Мен геолог мамандығын таңдағаныма ешқашан өкінген емеспін. Бұл менің өмірім, менің сүйікті ісім...
Мен геологияның арқасында көптеген жетістіктерге қол жеткіздім. Әлемге әйгілі Қарашығанақ және Қашаған кен орындарының ашылуына және оларды игеруге тікелей қатыстым. Мен өзімнің білімім мен тәжірибемнің арқасында ғылым және технология саласы бойынша Әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанғанымды мақтан тұтамын. Бірқатар мемлекеттік жоғары марапаттарға және «Қазақстанның еңбек сіңірген өнеркәсіп қызметкері» атағына ие болдым.
ҚазҰТЗУ-дың (Сәтбаев университетінің) болашағы туралы айтар болсақ, біздің тәуелсіз Қазақстан дамуының жаңа кезеңінде университет өзінің 85 жылдық тарихында болған барлық жақсылықты сақтап, жалғастыра беретініне мен сенімдімін. Ал білім беру, ғылыми зерттеу саласында, нарықтық жағдайдағы еліміздің үдемелі қозғалысы процесінде әлемдік саяси, ғылыми-техникалық және индустриалды кеңістікте инновациялармен қаруланған университет, әрине, халықаралық танымал білім беру және ғылыми орталықтардың арасында жетекші орында қала береді деп ойлаймын.
Политех – қашан да өзінің түлектерімен, жоғары білім саласындағы жетістіктерімен, ғылыми әзірлемелерімен әрдайым даңқы шыққан университет, ол әрқашан Қазақстанның үлгілі жоғары оқу орны болып келді және солай болып қала береді.
Мен студенттерді оқу бағдарламасына көбірек көңіл бөлуге шақырамын, өйткені бұл болашақ өмірдің негізі болып табылады. Егер де мен: «Политех бәрінен де жақсы» деп айтсам, артық болмас деп ойлаймын. Сондықтан да университеттің даңқын асқақтатып, беделін жоғары көтеруге тырысыңдар!