Нұрсейітов Абат Ақмұқанұлы
«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-да «Мұнай-газ» секторының жетекшісі
Мен Атырау (бұрынғы Гурьев) облысы, Доссор елді мекенінде дүниеге келдім. Ал Доссор кен орны – Қазақстан мұнайының алғашқы отаны. Менің анам, әпке-қарындастарым мен бауырларым да мұнайшы, мұнай саласында жұмыс істеді, сондықтан мен де инженер-мұнайшы мамандығын таңдадым. 1986 жылы Қазақ политехникалық институтына «Мұнай және газ кен орындарын өңдеу технологиясы мен кешенді механизациялау» мамандығы бойынша оқуға түстім. Сол кезде де, қазір де атақты Политехта білім алғанымды мақтан тұтамын.
Оқу кезінде қандай пәндерді жақсы көрдім? Болашақ мамандығыма қатысты барлық пәндерді айтар едім, өйткені олардың болашақта қажет болатындығы сол кезде-ақ түсінікті болды. Бірінші курста мен үшін ең қиын сабақ «Сызу геометриясы» болды. Бұл пәнді оқып түсініп,оны игеру үшін көп күш жұмсалды.
Біздің топтың кураторы Галина Викторовна Мироненко – тамаша Ұстаз және керемет Адам, мен оны әрдайым зор құрметпен еске аламын. Ол студенттермен қалай тіл табу керектігін білді, біздің әрқайсымызға ылғи да қолдау көрсетуге тырысты, ең бастысы – өз қызметін өте шебер орындады. Ұстаздарым Абишев Сәлімжан Қараевичті, Нұрсұлтанов Ғалиаскер Мұратович, Жиембаева Қаламқас, Жолтаев Герой Жолтаевич, Мұсанов Әлкен Мұсанович, Захаров Олег Петрович, Халиков Хабдухак Аблазизович және басқа да оқытушыларды зор құрметпен және жылы лебізбен еске аламын. Олар бізге барлық жағынан да үлгі болды. Бізге тек білім ғана беріп қоймай, сонымен қатар мәдениетті болуға да үйретті: мен олардың мінез-құлықтарына, әріптестермен, студенттермен қарым-қатынасына, сөйлеу мәнеріне, іс-қимылдарына қызығатынмын, әрі өзім де соларға ұқсағым келетін.
Сол кезде де, қазір де атақты Политехта білім алғанымды мақтан тұтамын.
Студенттік жылдардан артық не жақсы болуы мүмкін?..Сабақтан бос уақытта кинотеатрға, театрға да баратынбыз. Жиі емес, әрине. Сондай-ақ біз спортпен шұғылданып, көркемөнерпаздар үйірмесіне де қатыстық. Алайда біз үшін ең бастысы – оқу болды, көпшілігіміз бар ынтамызбен тыңғылықтап оқыдық. Өйткені институттағы атмосфера, оның аурасы оқуға жақсы әсер беретін.
Дипломдық жұмысымның тақырыбы – «Русское» кен орнын игеру жобасы» деп аталды. Материал жинау үшін мен сонау Түмен облысындағы «Сургутмұнайгаз» бірлестігінің «Лянтормұнай» мұнай-газ басқармасында тәжірибеден өттім.
Институтты бітіргеннен кейін «Маңғышлақмұнай» бірлестігінің «Жетібаймұнай» мұнай-газ басқармасына жолдама алып, мұнай және газ өндіру операторы болып жұмысқа кірістім. Бұл таңдап алған мамандығымды терең игеру жолындағы алғашқы қадам болды.
Қазіргі кезде мен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-да «Мұнай және газ» секторының меңгерушісі болып қызмет етемін. Әрине, институтта алған білімім маған ең алдымен қызмет бабында көп көмек болды, әлі де көмектесіп келеді. Мен таңдаған мамандығым бойынша еңбек етіп келемін және студент кездегі дәрістердің жазбаларын әлі күнге дейін сақтап жүрмін. Кәсіби тұрғыда маман болып қалыптасуыма институт маңызды рөл атқарғаны сөзсіз.
Кәсіби тұрғыда маман болып қалыптасуыма институт маңызды рөл атқарғаны сөзсіз.
Өз бетінше жеке және топпен бірге келісе отырып жұмыс істеу студент үшін де, маман үшін де аса маңызды. Кез-келген қызмет саласында да. Бұл менің студенттік кезімде жақсы қарым-қатынас жасағанымнан басталды. Біз жатақханада тұрғандықтан, тек курстастармен ғана емес, сондай-ақ Қазақстанның әртүрлі аймақтарынан келген балалармен де араластық. Политехта оқыған жылдары басталған достық қарым-қатынастарымыз ұзақ уақыт бойы үзілген жоқ, кейбіреулерімен әлі күнге дейін араласамыз.
Қазіргі кездегі жоғары білім беру саласын дамыту мен жетілдірудің барлық тенденцияларын ескере отырып, техникалық зерттеу университеті – Сәтбаев университетіне мүмкіндігінше белсенді, инновациялар мен жаңа технологиялардың даму тенденцияларын толық меңгерген, практикалық жұмыс тәжірибесі мол өндірістік қызметкерлерді сабақ жүргізуге тарту, менің ойымша, игі бастама болар еді. Өйткені белгілі бір кәсіптің ерекшеліктері мен нюанстарын жақсы білетін отандық мамандар әлдеқайда жақсы. Сонда университет ұзақ жылдар бойы еліміздің жетекші техникалық жоғары оқу орны болып қала береді және алдыңғы қатарды ешкімге бермейтін болады.
Мен талапкерлерге күнделікті оқуда шыдамдылық, табандылық және сәттілік тілеймін! Сәтбаев университетінің студенті атанғаннан кейін, биыл 85 жылдығын тойлап отырған ҚазТКМИ – Политех – Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-дың абыройы мен атағына лайық студент болыңыздар!
Қиындықтардан қорықпаңыздар!..Жаяу жүрген адам алыс жолды игеріп шығатыны белгілі. Сондықтан тек алға ұмтылыңыздар!