Академик Жұрымбек Сыдықовқа арналған мемориалдық тақта ашылды
Үстіміздегі жылы 1 сәуір күні У.М.Ахмедсафин атындағы Гидрогеология және геоэкология институтында академик Жұрымбек Сыдықұлы Сыдықовқа арналған мемориалдық тақта салтанатты түрде ашылды.
Жиналған қауым көрнекті гидрогеолог, гидрогеохимиялық ғылымның негізін қалаушы, Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері, геология-минералогия ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Жұрымбек Сыдықұлы Сыдықовты еске алды. Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев пен Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов құттықтау сөз сөйледі.
Мемориалдық тақтаның ашылу салтанатында Сәтбаев Университетінің ректоры Мейрам Бегентаев сөз сөйледі.
– Бүгін тек қазақстандық гидрогеологтар үшін ғана емес, Сәтбаев Университеті үшін де қаунышты күн. Жұрымбек Сыдықұлының есімі университет тарихына алтын әріппен жазылғаны біз үшін үлкен мақтаныш», – деді ол.
У. М. Ахмедсафин атындағы Гидрогеология және геоэкология институтының директоры, академик Малиа Әбсаметов, профессор Баян Рақышев, сондай-ақ Металлургия және байыту институтының бас ғылыми қызметкері, академик Сұлтанбек Қожахметов құттықтау сөздерге қосылып, ақ тілектерін білдірді.
Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының және Қ. И. Сәтбаев атындағы сыйлықтың лауреаты Жұрымбек Сыдықұлының өмірі қиыншылықтарға да, жетістіктерге де толы болды. Ұлы Отан соғысында ауыр жарақат алып, соның салдарынан кейін мүгедек болып қалса да, ол еш қиындыққа қарамастан, ол Қазақ тау-кен институтының геологиялық-барлау факультетін ойдағыдай бітіріп шықты. Кейін Қазақстандағы алғашқы гидрогеохимиялық зерттеулерді жүргізді, гидрогеологиялық карталарды әзірледі. Сонымен қатар Жұрымбек Сыдықұлы Батыс Қазақстанда жер асты суларының ірі кен орындарын алғашқы ашушылардың бірі атанды. Ол ашқан жер асты суларын халық қазірге дейін пайдаланып келеді.
Жұрымбек Сыдықов – гидрогеология ғылымының әртүрлі салаларында 35 монография мен 720 журналдық жұмыстың авторы, ол жас ғалымдарды даярлауға зор үлес қосты, Каспий теңізі мәселесін шешуге атсалысты. Оның ғылыми жұмыстары мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, лайықты наградалармен марапатталды.
Қ. Сәтбаев, У. Ахмедсафин және Н. Кенесарин сияқты атақты академиктер оған білім беріп, үзеңгілес достары болды, ал оның ерен еңбегі, өз ісіне деген адалдығы, ғалым, басшы ретіндегі таланты Сәтбаев Университетінің тарихына, тұтастай қазақстандық ғылымның тарихына енді.