Біздің әкеміз еңбек еткен зертхана: Сәтбаев Университетінде Нариман Қожасбаев атындағы аудитория ашылды
Сәтбаев Университетінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Нариман Қожасбаев атындағы мұражай-зертханасының ашылу салтанаты өтті. Салтанатты жиынды университет ректоры Мейрам Бегентаев ашты.
Зертхананың ашылуына университеттің «Ақсақалдар алқасы» кеңесінің төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Ұлықпан Сыдықов, Автоматтандыру және ақпараттық технологиялар институтының директоры Раиса Өскенбаева және академиктің қызы Назира Нариманқызы Қожасбаева қатысып, сөз сөйледі.
Назира Нариманқызы өз сөзінде былай деді:
– Әкеміз жұмыс істеген зертхананы жаңашаландыру үшін, университет көп жұмыс атқарды, – деді ол. – Әкем әйгілі Политехтың қабырғасында ғылыммен шұғылдануға елу жылдан астам өмірін арнады, бұл оның жұмыс істеген соңғы аудиториясы, бұл жерде оның рухы, әлеуеті сезіледі, ол өз білгенінің бәрін студенттерге, болашақ ұрпаққа жеткізуге ұмтылып тұрушы еді.
Нариман Қожасбайұлы Қожасбаев – қазақтың белгілі ғалымы, Қазақстан Республикасының электротехника саласындағы тұңғыш техника ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық инженерлік академияның академигі, ол Қазақстанның қазіргі машина жасау саласына орасан зор үлес қосты. Қазақстанда информатиканың даму тарихы ғалымның есімімен тығыз байланысты. Өндірісті автоматтандырумен айналысатын мамандарды Сәтбаев Университетінде даярлаудың ең бастауында көрнекті ғалым Нариман Қожасбайұлы Қожасбаев тұрды және ол электротехника саласындағы ғылыми жұмыстарға көп күш жұмсады. Профессор Қожасбаев 200-ден астам ғылыми еңбектің, оқу-әдістемелік құралдар мен оқулықтардың, өнертабыстардың, әдістемелік құралдардың авторы, көптеген ғылыми жобаларға қатысты. Оның басшылығымен 1962 жылы Сәтбаев Университетінде Автоматика және есептеу техникасы факультеті ашылып, ол республикадағы қуатты өзгерістер орталығына айналды.
Ел игілігіне арнап жасаған ерен еңбегі үшін Нариман Қожасбаев «Еңбек ардагері», «Айрықша еңбегі үшін», «Құрметті байланысшы» медальдарымен, Халықаралық электротехникалық ғылымдар академиясының күміс медалімен марапатталып, «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» атағына ие болған. Политех командасы оның жарқын бейнесін әрқашан есте сақтап, еңбектерін жаңа буын студенттерге жеткізіп отырады.