«Болашақ энергиясының өзекті мәселелері» атты семинар өтті
20 сәуір күні Қ. И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-дың Жоғары технологиялар инженериясы институтында «Болашақ энергиясының өзекті мәселелері» атты тақырыпта семинар болып өтті. Астана қаласында «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің ашылуы қарсаңында өткен бұл семинар – болашақ энергетикасының жаңа технологияларының өзекті проблемалары бойынша пайдалы ақпараттарымен алмасу үшін өзіндік қосымша алаң болып саналады.
Семинар барысында ЖжТФ кафедрасының сениор-лекторы, PhD докторы Н.К. Манабаевтың «Күн энергетикасы нарығы дамуының негізгі тенденциясы» тақырыбындағы және ЭжТКА кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.к. Е.Хидолданың «Қайта жаңғыртылатын энергетика дамуының қазіргі жағдайы» тақырыбындағы баяндамалары тыңдалды.
Сонымен қатар Лондон университетінің профессоры Соул Портонның «Балдырларды болуы мүмкін энергия көзі ретінде технологиялық қолдану» («Algal biotech as possible source of energy») атты баяндамасы өте қызықты болды. Баяндамада балдырларды тиімді энергия көзі ретінде пайдалануға болатыны туралы айтылып, оларды зерттеу нәтижелерімен таныстырды. С.Портон отын алу биотехнологиясы үшін балдырлардың маңызы өте зор екенін дәлелдеді.
Семинарға Жоғары технологиялар инженериясы институтының студенттері, магистранттары, докторанттары және профессорлық-оқытушылар құрамы қатысты.