Ескендір Бейсембетов: Құрметті әріптестер, Алғыс айту күні құтты болсын!
2016 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №173 Жарлығы бойынша елде жаңа мереке – Алғыс айту күні енгізілді. Сол құжат бойынша ол жыл сайын 1 наурыз күні ресми түрде аталып өтілетін болып бекітілді. «Осы күні елдегі барлық халықтар бір-біріне алғыс айтуына болады, әсіресе сонау қиыншылық заманда елге қоныс аударған басқа халық өкілдеріне қонақжайлылық танытқаны үшін, бар ауыртпалыққа шыдағаны үшін қазақ халқына да алғыс айтуына болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. – Сондықтан да бұл мереке – елдегі барлық ұлт өкілдері бір-біріне, бауырына басып, мейірімділік танытқаны үшін қазақ халқына да құрмет көрсету белгісі ретінде аталып өткені жөн».
Біздің елімізде 125 ұлт пен халықтар өкілдері тұрады, 4166 діни және 621 этномәдени бірлестіктері тіркелген, сондай-ақ 46 конфессия жұмыс жасайды. Олардың бәріне өздерінің тарихи мұралары мен мәдени құндылықтарын, тілі мен дінін сақтап, одан әрі дамытуға барлық мүмкіндіктер жасалған.
Ақылды да үлгілі студенттер тәрбиелеп бергені үшін олардың ата-аналарына, өз тәжірибесін студенттермен бөлісіп отырған аға буын ұстаздар қауымына, алдағы жеңістерге талпынып отырған жастарға мың алғыс айтамыз!